Бизнес және экономика

Өңір жетекшісі зауыттарды аралап, университеттің жаңа корпусымен танысты

Бүгінде зауыттағы құрылыс жұмыстары 90 пайызға тындырылған. Қазір нысанда ішкі монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Кейін мамандар қондырғыларды біртіндеп іске қоспақ. Орнатылып жатқан аппараттар заманауи. Қағазды макулатурадан да, целлюлозадан да жасауға мүмкіндік береді. Әзірге, мамандар қағазды ескі кітап, журнал мен газеттерден дайындамақ ниетте. Болашақта шикізат тапшылығы байқалса, өндірісті целлюлозаға көшіреді.

Андрей Титов, Қағаз фабрикасының директоры:

– Бүгінде қағаз фабрикаларының басым бөлігі өңделген шикізатты қолданады. Ал, біздің зауыт толық циклді қарастырады. Яғни, макулатураны немесе целлюлозаны пайдаланып
қағаз жасаймыз. Макулатураны өзіміздің өңірден, жақын маңдағы облыстар мен Ресейдің шекаралас аумақтарынан алуды жоспарлап отырмыз. Жылына 5 мың тонна тауар шығару көзделген. Бұл қазақстандық импорттың 16 пайызын жабуға мүмкіндік береді.

Гигиеналық қағаздан бастап кеңселік қағаздарға дейін. Болашақ фабрикада тауардың 20 аталымын шығару көзделген. Келешекте мамандар қағаз пакеттердің де өндірісін қолға алмақ. Идеяның экологияға да пайдасы өте зор. Табиғат демекші, кәсіпорын жұмысқа пайдаланған суды жылы каналға төкпейді. Тіршілік көзін өздері тазартып, қайта қолданбақ. Ол үшін қазір фабрика тұсында мың текше метрге арналған су тазарту қондырғысы орнатылып жатыр. Тағы бір ерекшелік қағаз дайындауға электр энергиясы немесе жылудың қажеті жоқ. Процесске Жылу электр орталығынан қалдық ретінде шығарылатын бу пайдаланылмақ. Бұл өте үнемді дейді кәсіпкер. Жыл соңында “Радуганың” тағы бір жобасы жүзеге асырылмақ. Ол – 3,7 гектарда орын тебетін жылыжай.

Дмитрий Шарапаев, «Радуга» ЖШС бас директоры:

– Қарашадан наурызға дейін біздің өңірде көкөніс тапшы бола бастайды. Әсіресе, қияр, қызанақ пен салаттың бағасы шарықтайды. Себебі, Петропавлға ең жақын жылыжай қаладан 500 шақырым жерде орналасқан. Біздің жоба іске қосылғанда көкөністердің сапасы да артады әрі құны төмендейді. Идеяны жүзеге асыру үшін 7 млрд теңге инвестиция құямыз. Кешенге әлемнің ең озық технологиялары орнатылады.

Озық технологиялар жергілікті университетке де жетті. Қазір мұнда жаңа корпустың құрылысы аяқталуда. Қыркүйектен бастап студенттер заман игілігінің қызығын көрмек.

Ерлан Шуланов, Қозыбаев университетінің басқарма төрағасы-ректоры:

– Мұнда 70-ке жуық кабинет пен лаборатория орналасады. Зертханалардың 20-сы инженЕрия, тағы 20-сы жаратылыстану мен ауыл шаруашылығы бағытына арналмақ. 10-ын медицина үшін жасақтаймыз. Бұның барлығы білім сапасын арттыруға септеспек. Аталған бағытта АҚШ-тың алдыңғы қатарлы университеті Аризонамен де әріптестік орнатудамыз.

Студенттерге болашақта Аризонаның ұстаздары сабақ береді. Одан бөлек, жергілікті 200 оқытушы тіл деңгейін арттыруға бағытталған курстардан өтпек. Тағы 50 университет мұғалімі АҚШ-қа ғылыми тәжірибеге аттанады. Білікті кадрларды тарту мұнымен толастамайды. Жоғарғы оқу орнының басшылығы “Болашақ” бағдарламасының 50 түлегі мен Назарбаев университетінің докторанттарын шақыруды жоспарлап отыр.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Біз тек солтүстікқазақстандық түлектерді емес, өзге облыс пен Ресейдің көршілес аймақтарынан жастарды тартуды көздеп отырмыз. Себебі, жергілікті жоғарғы оқу орнын тәмамдағаннан кейін қыз-жігіттер екі диплом алады. Оның бірі – Қозыбаев, екіншісі Аризона университетінікі болмақ. Бұл АҚШ-қа барып білім алғаннан едәуір арзан. Қазір мемлекеттен мың оқу грантын бөлу қарастырылып жатыр.

Болашақта жаңа корпус артындағы жер үй секторын толыққанды кампусқа айналдыру ойда бар. 3 гектар жердегі баспаналар сүріліп, жатақхана мен оқу нысандарын салу көзделген. Жоспар Петропавл электротехникалық зауытында да өте ауқымды. Арнайы экономикалық аймақта орналасқан кәсіпорын былтыр іске қосылды. Жобаға 10 млрд теңге көлемінде инвестиция құйылған.

1 трансформаторды әзірлеуге 3 күн уақыт жұмсалады. Қондырғыны 25 жылға дейін тот баспайды екен. Жылына жергілікті кәсіпорында 13 мың тауар шығарылмақ. Өнімнің 95 пайызы Еуразиялық экономикалық одаққа мүшелік ететін мемлекеттерге экспортталады. Бүгінде өндіріс ошағында 100-ге жуық адам екі қолға бір күрекпен қамтылған. Жыл соңына дейін олардың саны 200-ге дейін жетпек. Мамандардың арасында Кентау зауытында еңбектеніп, Петропавлға қоныс аударғандары да бар. Қызметкерлерін баспанамен қамту мақсатында компания 40 пәтерлі ескі үйді қалыпқа келтірді.

Сайдолла Қожабаев, «Alageum Electric» компаниялар тобы бақылау кеңесінің төрағасы:

– Біз 2016 жылдан бері тұралап қалған нысанды сатып алып, жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Қазір Партизанский мен Жамбыл Жабаев көшелерінің қиылысындағы нысанды қалыпқа келтірудеміз. 104 пәтерлі баспананы келесі жылдың көктемінде қолданысқа тапсырамыз деген ойымыз бар.

Құтты қоныс тойын тойлап жатқандардың бірі – Рустемовтер жанұясы. Отағасы Камилжан да, келіншегі Хилола да Петропавл электротехникалық зауытында еңбектенеді. Бүгін отбасы 2 бөлмелі пәтердің кілтін иеленді.

Камилжан Рустемов, Петропавл электротехникалық зауытының слесарь-құрастырушысы:

– Үй берді, жұмысқа орналастырды. Осы жерді дамытып, бала-шағамды осы жерде өсіреміз. Мен Кентау зауытында 10 жыл жұмыс істедім, әкем 30 жыл істеді. Жалақы жақсы.

Алдағы уақытта зауыт тағы 216 пәтерлі үйдің жобасын жүзеге асырмақ.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Акционерлер тағы бірнеше жобаны жүзеге асырмақ. Шкаф жасайтын зауыттың құрылысын біз жоспарлап отырмыз. Оған қаражат та бар. Компанияның әлеуметтік саясаты да өте жақсы.

Мұндай жобалардың саны өңір бойынша артуы тиіс. Оған қажет мүмкіндік те, қаражат та бар. Естеріңізге сала кетейік, жуырда облыс бюджеті 70 млрд теңгеге артты.

Эльмира Садвокасова