ТЖ

Қоқыс жағамын деп саяжайлық үйлерді өрттеп жіберген

Кеше түскі 1-лер шамасында 101 нөміріне “Ренет” саяжай қауымдастығында қызыл жалын бас көтергендігі жайлы хабар келіп түседі. Құтқарушылар оқиға орнына жеткенше 4 бірдей жазғы үй жанып кетіпті. От 54 шаршы метр жерге жайылған. Төтенше жағдай былай болған: ер адам ауласындағы қоқысты жинап, өрттепті. Артынша жел күшейген екен. Салдарынан тілсіз жау жақын маңайдағы саяжайларды шарпиды.

Дмитрий Растихин, СҚО ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы:

– Қоқыс өрттеймін деп 4 бірдей саяжайдың күлін көкке ұшырған ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Көршілеріне келтірілген материалдық шығын көлемі 1 миллион теңгені құрап отыр. Абырой болғанда зардап шеккендер жоқ. Осы ретте естеріңізге сала кетейік, өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамаған адамдарға қатысты әкімшіліктен бөлек, қылмыстық іс қозғалуы мүмкін.

Дмитрий Растихинның айтуынша, орман және дала өрттерінің басым көпшілігі тұрғындардың салғырттығынан орын алады. Яғни, адамдар табиғат аясында қарапайым ережелерді ескермейді. Осының салдарынан былтыр өңірдегі орман алқаптарында 16 өрт оқиғасы тіркеліпті. 34 гектардан астам жерге зақым келген екен. Ал материалдық шығынның көлемі 3 млн теңгеден асады.

Анатолий Усольцев, СҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары:

– Өңірдегі мемлекеттік орман қорының аумағы 550 мың гектарды құрайды. Бұл байлықты қызыл жалыннан аман сақтап қалу – орманшылардың басты міндеті. Сондықтан, айтып келмейтін апаттың алдын алу үшін дайындық жұмыстарын қазірден бастадық. Алдағы уақытта 1400 шақырым минералды жолақ жыртуды жоспарлап отырмыз. Орман төңірегінде бас көтерген тілсіз жау жолында жолақ кездессе, ары қарай өте алмайды.

Облыс аумағында 16 орман шаруашылығы жұмыс істейді. Оның әрқайсысында өрт сөндіру станциясы құрылған. Оларда жалпы 100-ден астам өрт сөндіру техникасы бар.

Дана Ешкенова