Ауыл шаруашылығы

Кәсіптік оқыту және сервис колледжін биыл 13 омарташы тәмамдайды

Қазір Солтүстік Қазақстан кәсіптік оқыту және сервис колледжінің студенттері қыстап шыққан араларды күтіп-баптауда. Оларға бал беріп, тұратын үйшіктерінің жай-күйін тексеріп жатыр. Іске Сергей Таранов та білек сыбана кірісіп кеткен.

Сергей Таранов – Солтүстік Қазақстан кәсіптік оқыту және сервис колледжінің студенті:

– Алғашында шағып ала ма деп араларға тіпті жақындамайтынмын. Ал қазір қызығушылығым пайда болды. Теорияға қарағанда өзіме осындай практикалық сабақтар жақын. Көп дүние үйренуге болады. Қазіргі таңда жолақтылардың жәшіктерін ауыстырып, тамақтандыратын ыдыстарын тазалауды білемін.

Ертең бұл жәндіктер колледж маңына орналастырылмақ. Осылайша студенттер араларды сабақ арасында күтіп баптайды. Ал кейін 8 ара жанұясы, яғни, 160 мыңға тарта жәндік Ивановка ауылы маңындағы омарта базасына жөнелтіледі.

Дмитрий Степура, Солтүстік Қазақстан кәсіптік оқыту және сервис колледжінің оқытушысы:

– Биыл колледжімізге тиесілі 8 ара жанұясы аман-сау қыстап шықты. Бір жұма бұрын оларды далаға шығардық. Біздегі студенттердің дені – танымдық қабілеті ерекше балалар. Осындай жұмыстарға болашақ омарташылардың бәрін жұмылдыруға тырысамыз.

Бұған дейін колледжге тиесілі аралар білім ордасында қыстапты. Бірақ, ол кезде жәндіктердің көбі көктемге дейін қырылып қалған екен. Ал биыл жолақтылар алғаш рет қысты омарташы Олег Гавриловтің жертөлесінде өткізіпті. Қауырт кезең кәсіпкердің өзі үшін де сәтті өткен екен.

Олег Гаврилов, «Пасека-Қызылжар» ЖШС директоры:

– Биыл серіктестікте аралардың 80%-ға жуығы жақсы қыстап шықты. 130 жанұяның 100-і аман-сау. Бұл жақсы көрсеткіш болып саналады. Биыл біз өңірде 4 омарта орналастыруды жоспарлап отырмыз. Оның екеуі стационарлық, тағы екеуі жылжымалы стационарлық.

Омарташы Олег Гавриловтың аралары биыл жаз бойы Есіл, Жамбыл және Мамлют аудандарында жайқалып өскен гүлдердің балын жинайды.

Алдияр Айтпаев