МТРА жаңалықтары

Ұн және астық нарығындағы жағдай

Қазақстанда әр ай сайын “Тауар таусылады” деген әңгіме желдей есетін болды. Өткен наурызда ғана “Қант бітеді, барында алып алыңдар” деп ұрандатқандар естеріңізде шығар? Сол кезде адамдар жапа-тармағай дүкенге ағылды және бағаны қолдан көтерген пысықай кәсіпкерлерге сеніп қалды. Мысалы, мына видео іргедегі Көкшетау қаласында түсірілген. Алып-қашпа сөздерге сенген аңқал ағайын құмшекерге кәдімгідей таласуда. Мұндай жағдай қайталануы әбден мүмкін. Жақында БАҚ беттерінде, әлеуметтік желелерде “Ұн тапшылығы орын алуы ықтимал” деген ақпар тарады. Бүгін бұл қауесетке Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров сенбеуге шақырды.

Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі:

– Сөзімді астық тапшылығы жоқ деп бастағым келеді. Республикада астық жеткілікті. Дүрбелең тудырмауға шақырамыз. Жеке мүддені халыққа деген қамқорлық деп көрсетудің қажеті жоқ.

Соңғы сөйлем алып-қашпа әңгімені жаны сүйетін және қиын-қыстау шақта қалтаны қампайтқысы келетін кәсіпкерлерге қарата айтылғандай. Келесі мәселе – ас атасының жайы. Елімізде алғашқы қажеттіліктегі тауар түрі қымбаттай ма? Бұл сұраққа бейінді ведомствоның департамент директоры Назгүл Хатепова жауап берді. Оның сөзінше тұрақтандыру қорының есебінен әлеуметтік нанның бағасы сол күйі қалады.

Назгүл Хатепова, ҚР АШМ аграрлық азық-түлік нарықтары және ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу департаментінің директоры:

– Қазіргі кезде жалпы Қазақстан бойынша 120 мың тоннаға жуық ұн бар. Соның 30 мыңға жуығы тұрақтандыру қорларында. Тұрақтандыру қорларының негізгі міндеттерінің бірі – бағаны тұрақтандыру. Яғни, нарықта, Қазақстаның ішкі нарығы болсын, әлемдік нарық болсын, бидайға немесе ұнға бағаның жоғарылау фактілері орын алған кезде аталған тұрақтандыру қорларында сақтаулы ұн ішкі нарықта арзандатылған бағамен сатылады. Одан бөлек Азық-түлік келісімшарт корпорациясының резервінде 800 мың тоннаға жуық астық сақталған. Оның 500 мың тоннасы резервтік қор.

Әлеуметтік нанның жайы түсінікті. Ал өзгелерінің құны не болмақ? Спикерлердің айтуынша, ас атасының басқа түрлері белгілі бір себептерге байланысты қымбаттауы мүмкін.

Байболат Култанов