МТРА жаңалықтары

Сенатор Әли Бектаев Қызылжар ауданына барды

«Петерфельд-Агроның» іргесі 2011 жылы қаланған. Агроқұрылымда өсімдік пен мал шаруашылығы қатар дамып жатыр. Кәсіпорындағы ірі қараның саны 5 мыңнан асып жығылады. Асылтұқымды сиырларға арналған жем-азықты да серіктестік өздерінде өсіреді екен. Істің гүлденуінде мемлекеттік көмектің алатын рөлі зор дейді аграрий.

Асқар Мәдиев, «Петерфельд-Агро» ЖШС директоры, Қызылжар ауданы:

– Мемлекеттен жем-азықтың бағасын арзандатуға 100 және 80 мың теңге бөлінеді. Әр асылтұқымды мал басына жергілікті бюджеттен 400 мың теңге бағытталады. Бұл – аграрийлердің сүтті шаруашылықпен айналысуы үшін айтарлықтай қолдау.

«Петерфельд-Агро» серіктестігі мұнымен тоқтап қалмақ емес. Қазір кәсіпорындағы 600 бас ірі қараны саууға арналған нысанның құрылысы аяқталуда. Мұнда заманауи неміс қондырғысы орнатылыпты. Аппаратты сәуірдің соңында іске қосу жоспарланған.

Марат Тасмағанбетов, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

– Заманауи қондырғы өндірілген сүттің көлемдік және сапалық көрсеткіштерін есепке алады. Тағы бір аппарат әр ірі қараның жағдайын бақылауда ұстайды. Оның көмегімен сиырдың тәуліктік жем-азығын есептеп, қашан вакцина қою қажеттігін де білуге болады.

“Петерфельд-Агро” серіктестігі мен жалпы өңірдің сүтті мал шаруашылығында атқарылып жатқан шаруаға сенатор оң бағасын берді. Әли Бектаевтың сөзінше тауарлы-сүт фермаларының іске қосылып, кеңейтілуі алдағы уақытта азық-түлік құнының төмендеуіне септігін тигізбек.

Әли Бектаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Сырттан келетін тауарлардың бағасын төмендету бойынша жұмыс жасалып жатыр. Ол үшін өзіндік өнімді көбейту керек. Егер импортқа тәуелді болатын болса, онда азық-түліктің бағасы ешқашан төмендемейді.

Агроқұрылым басшысы Асқар Мәдиев шаруашылықты дамытумен қатар, жұмысшыларына қолайлы жағдай жасау бойынша да тер төгіп жатыр.

Асқар Мәдиев, «Петерфельд-Агро» ЖШС директоры, Қызылжар ауданы:

– Бізде кадр тапшылығы мәселесі пайда болды. Сондықтан, өз мамандарымызға баспана салуды шештік. 2021 жылдан бері 19 үйді тұрғыздық. Оның 10-ы қолданысқа тапсырылды. Нысан орталықтандырылған жылыту, су, кәріз жүйесіне қосылған. Аулаларына асфальт та төсеп бердік.

Осылайша кадр мәселесі біржақты етілді. Мәселен, мына үйде серіктестіктің бас инженері Артем Косоуров жанұясымен тұрмақ. Азаматтың зайыбы да «Петерфельд-Агрода» еңбектенеді екен.

Артём Косоуров, «Петерфельд-Агро» ЖШС бас инженері, Қызылжар ауданы:

– Баспананың орналасқан жері өте ыңғайлы. Жақын маңда балабақша да, мектеп те бар. Серіктестіктегі жұмысым өзіме ұнайды. Жалақым – 350 мың теңге.

Артем Косоуров тілге тиек еткен мектеп – осы. Жөндеу жұмыстарынан кейін нысанды тану қиын. Білім ошағы 2020 жылы мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында ажарлана түсті. Жоба аясында нысан 300 млн теңгеге күрделі жөндеуден өтті.

Әділбек Исмағұлов, «Қызылжар Абай орта мектебі» қоғамдық қорының директоры:

– Мектептің іші-сырты ғана өзгермей, материалдық-техникалық базасы толығымен жақсартылды. Оны қолдану арқылы оқушыларды ғылыми процесстерге қызықтырып отырмыз. НЗМ және қаладағы оқушылар сарайымен тығыз байланыс орнаттық.

Бүгінде мектепте 270 ұл-қыз білім алып жүр.

Эльмира Садвокасова