МТРА жаңалықтары

Петропавлда “Қазақ деген халықтың еркесімін” атты концерт өтті

Сахна шымылдығын «Астана сазы» мемлекеттік фольклорлық ансамблі ашты.
Талантты жастар ұлттық аспапта ойнап, көрерменге күйден шашу шашты. Келесі болып сахнаға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Рысқали шықты. Ол Сегіз серінің «Гауһартас» әнін орындады.

Биыл халық қаһарманы, қазақ сахнасының бұлбұлы Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойы. Концертте Роза Тәжібайқызының кезінде шырқаған әндері орындалды. Кешке оның ізбасарлары мен көзін көрген жандар көп келген. Солардың бірі – Ерлан Рысқали.

Ерлан Рысқали, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

– Енді, бұл, әрине, біздің қазақтың маңдайына біткен әнші қызының атындағы концертке қатысу – барлығымыз үшін үлкен бақыт. Мен ол кісіні талай рет көрдім, талай рет ол кісімен сахналас болдым, сапарлас болдым. Сондықтан, бұл концерттің мен үшін орны ерекше. Өткен 2021 жылдан бастап апамыздың 100 жылдығы келе жатқанын ескеріп соған байланысты іс-шараларды іске асырған болатынбыз. 1 жылға жуықтап қалды дайындығымыз. Мақсаты ең бірінші кезекте Роза апамыздың мерейлі мерекесін ел болып республика деңгейінде тойласақ екен деген.

Өткен жылы елордадағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымына Роза Бағланованың есімі берілді. Теріскей төрінде аталған ұйымның 30-қа жуық мүшесі өнер көрсетті.

Еламан Төлепберген, Роза Бағланова атындағы “Қазақконцерт” ұйымының ресми өкілі:

– Республикалық деңгейде 1 наурыз күні Нұр-Сұлтан қаласынан бастау алған концерт енді өңірлерде жалғасып, бұқаралық сипатқа ие болып жатыр. Әлі де гастрольдік сапар жалғасады. Павлодар, Қарағанды қалаларында осы концерт өзінің көрермендерімен қауышады деген ойдамыз.

Соңынан өшпес із қалдырған тарихи тұлғанын әндерін тыңдауға келген халықтың қарасы қалың болды. Өнерсүйер қауым ерекше дарынды жанның әндерін сағынып қалған екен. “Сәулем-ай”, “Еркем-ай”, “Бәрінен де сен сұлу”. Тыңдарман қауым сүйікті әндерін әншілерге қосылып айтты. Концерт соңында өнер ұжымына облыс әкімінің атынан гүл шоғы тарту етілді.

Самал Жунусова