МТРА жаңалықтары

Петропавл тұрғыны қоқыс өрттегені үшін ескерту алды

Өрт сөндірушілердің ескертуін елемеген жан 20 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл төлейді. Осы ретте мамандар тұрғындар арасында рейд шарасын өткізді.

Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары қаланың шеткері аумақтарын аралап жүр. Тұрғындармен жүздесіп, қоқысты өртемеу қажеттігін ескертіп жатыр. Өйткені, тұтанған от желдің күшімен өртке ұласып кетуі мүмкін. Қауіпсіздік ережелерін біреу білсе, біреу білмейді. Кейбіреуінің өзінің айтар уәжі бар.

Евгений Дмитриченко, қала тұрғыны:

– Қоқысты қаланың шет жағына шығарайық десек, біріншіден, апаратын көлік жоқ, екіншіден – шығын. Көлік жалдау үшін орта есеппен 8 мың теңге қажет. Бұның өзіне қаншама уақыт кетеді.

Қалалық ТЖ басқармасының аға инженері Даниэль Саркисян Евгений Дмитриченкоға бұл жолы кешіріммен қарап, ескерту жасады. Ескертуге құлақ аспаған жағдайда оған айыппұл салынуы мүмкін.

Даниэль Саркисян, қалалық ТЖ басқармасының аға инженері

– Қоқысты қала сыртына шығару керек. Оны қала ішінде өртеген жағдайда 20 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады. Тұрғындардан тиісті ережелерді сақтауларын сұраймыз.

Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары жыл басынан бері профилактикалық мақсатта 20-дан астам рейд өткізген.