МТРА жаңалықтары

Облыс әкімінің кезекті қабылдауы өтті

Облыс әкіміне алғаш болып жүгінген Қайырғали Асқаров жер мәселесіне қатысты базынасын жеткізді. Архангельское селосының тұрғыны 2005 жылы пайшылармен келісім шартқа отырып, 334 гектар алқапқа иелік ете бастаған. Бірақ, қазіргі таңда аграрийде 156 гектар ғана қалып отыр. Айтуынша, азаматқа тиесілі болған алқапқа өзге кәсіпкер көз салып, жерді өзіне аударып алған. Бірақ, бұл туралы Қайырғали Асқаров та, жарнашылар да білмеген.

Қайырғали Асқаров, Архангельское селосының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Пайшылардың жері басқа бір адамның иелігіне өтпес бұрын олар маған заңға сәйкес өз өтініштерін алып келулері тиіс еді. Әдетте мұндай өтініш жыл соңына таман жазылады. Маған ешқандай да құжат жолданған жоқ, ештеңеге қол қойған жоқпын. Бірақ, менің орныма бәрін жерге орналастырушы маман тындырған. Шешім шығарып, құжатты жер комиссиясының төрағасына тапсырған.

Қазіргі таңда азамат 80 гектар алқап үшін шыр-пыр етіп, одан айырылып қалмаудың амалын іздестіріп жүр. Жерге қатысты дау сотта да қаралған.

Жалғас Сүлейменов, СҚО ҚР АШМ жер ресурстарын басқару комитеті СҚО бойынша департаментінің басшысының орынбасары:

– 2009 жылы қожалық пайшыларын құрамнан шығару туралы хаттама жазылды. Ал 2014 жылы сот шешімінің заңды екені дәлелденді. Тараптардан шығарылған үкімге қатысты шағым түскен жоқ. Осылайша сот шаруа қожалығына жарнашыларды құрамнан шығаруды жүктеді.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Шенеуніктердің іс-әрекетін заң жүзінде тексереміз. Бірақ, екі қожалық арасындағы мәселеге араласпаймыз. Егер сот шешімімен келіспесеңіз, апелляцияға беруіңізге болады.

Жер мәселесі талқыланып болғаннан кейін, облыс әкімі Қызылжар ауданына қарасты Ташкентка селосының тұрғынын қабылдады. Ауылдағы ағайынның жан айқайын жеткізе келген азаматша елді мекендегі бірнеше мәселені қозғады. Алғашқысы қоғамдық көлікке қатысты. Нәзікжанды тұратын ауыл арқылы “Долматово – Петропавл” бағытында бір ғана автобус қатынайды. Бірақ, сол көлік қашанда лық толы. Қалада жұмыс істейтіндер мен оқитын студенттер үшін облыс орталығына жету бір машақат.

«ПАЗ» маркалы автобус 23 орынға арналған. Сыйғаны ішке кіріп, сыймағаны басқа көлік іздеп қала береді. Ташкентка ауылында 2 мыңнан астам адам тұрады.
Ағайынның айтуынша ауыл арасында қатынайтын қоғамдық көлік санын көбейту қажет. Осы орайда облыс әкімі мән-жайды анықтау үшін бейінді басқарма басшысына мониторинг жүргізуді тапсырды.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Таңертең біздің мамандар сіздермен қоғамдық көлікке отырып, барлығымен дұрыстап таныссын. Жүргізуші күнделікті қанша адам алады? Автобустың сапасы қандай? Осының бәрімен жіті таныссын.

Ташкентка ауылындағы ағайынды уайымдатқан тағы бір түйткіл – жарда тұрған медициналық пункт. Ол аздай онда еңбек ететін ақхалатты да табылмай отыр. Себебі, елді мекенде тер төгетін маманды орналастыратын бос үй жоқ. Бұл мәселенің де шешілуі – уақыт еншісінде.

Алдияр Айтпаев