Әр түрлі

СҚО-да алимент бойынша қарыз 375 млн теңгені құрап отыр

Өңірде жылдан-жылға алимент десе ат тонын ала қашатын ата-аналар көбеймесе, азаяр емес. Ал мұндай жандар заңмен жазаланады. Себебі, балалары алдындағы берешекті өндіріп алу әлеуметтік маңызы бар істердің санатына жатады.

Ақлима Бекенова, облыстық әділет департаментінің бөлім басшысы:

– Бүгінде 288 алимент төлеуші міндетін орындаудан жалтарып жүр. Олардың қарызы 375 млн теңгені құрайды. Оның ішінде 76 адам 126 млн теңгені ішінара өтеуде. Ал 212 борышкер 6 айдан астам уақыттан бері мүлдем қарыздарын өтемеген.

Ағымдағы жылдың 1-ші тоқсанында 28 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Олар жылдап алимент төлемепті. Ал 25 адамға қатысты ҚР ҚК-нің 139-шы бабына сәйкес іс қозғалыпты. Бұл жандар темір торға тоғытылуы мүмкін. Көкек әке-шешелер шекара да аса алмайды. Биыл мыңнан астам борышкерге ел аумағынан шығуға тыйым салыныпты. Сондай-ақ, қаңтар-наурыз аралығында жеке сот орындаушылары жұмыссыз жүрген 203 тұлғаға қызметке орналасу қажеттілігі туралы хабарлама жіберген.

Мәдина Садаева, жеке сот орындаушысы:

– Ағымдағы жылдың 3 айында атқарылған жұмыс жайлы тоқталып өтсем. 2017 жылдан бері борышын өтемей келген көкек әке-шешелерден 3 млн теңге көлемінде қаржы өндірілді. Бұл жұмыс әлі де жалғасуда. Көбіне борышкерлер жұмыссыздықты сылтау етіп алимент төлегілері келмейді. Ал кей адамдар толық жалақыларын жасырып, мөлшерден аз етіп көрсетеді.

Жалпы, СҚО-да алимент төлеушілердің саны 6 мыңнан асып жығылады екен.

Дана Ешкенова