Өңір бюджеті 70 млрд теңгеге артты

Аптадағы маңызды жаңалықтар

22:01 8 Сәуір 2022

Бұл – М.Жұмабаев ауданындағы «Полудинское» серіктестігінің тауарлы-сүт фермасы. Кәсіпорын былтыр іске қосылды. Бүгінде мұнда 240-қа жуық ірі қара бар.

Алдағы кәсіпорын толық қуаттылыққа шығуды жоспарлап отыр. Осы мақсатта биыл шетелден тағы 150 асыл тұқымды ірі қара жеткізілмек. Сондай-ақ, 900 бас малға шақталған базалардың құрылысы бастау алады. Мақсат – заманауи тауарлы-сүт фермаларын әр іргелі елді мекенде ашу. Межеге жету үшін қажетті ресурстар бар деді Құмар Ақсақалов.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Біз ферманың құрылысына жылдық үстемеақысы 4 пайызды құрайтын арзандатылған несие береміз. Оны төлеуге аграрий аяққа тұрып, пайдасын көре бастағанда, яғни тек 2 жылдан кейін кіріседі. Бұдан бөлек бірқатар жеңілдік қарастырылған. Сондықтан, ауылда өсімдікпен бірге мал шаруашылығын да дамыту қажет.

М.Жұмабаев ауданында бүгінде 4 тауарлы-сүт фермасы жұмыс істеп тұр. Күзде оның қатары Жастар ауылындағы кәсіпорынмен толығады. «МТС Қызылжар Агро» серіктестігінің өндіріс ошағы 600 бас ірі қараға шақталған. Кешенді фермерлер күзде іске қосуды жоспарлап отыр. Жобаны жүзеге асыруға 3 млрд теңге инвестиция тартылған.

Арман Улатаев, «МТС Қызылжар Агро» ЖШС директоры:

– Жобаны жүзеге асыру барысы бірнеше кезеңнен тұрмақ. Шілде айында сауынға арналған неміс қондырғысын орнатуға кірісеміз. Ал қыркүйектің 15-іне қарай алғашқы 150 басты жеткіземіз. Әлемдегі жағдайға байланысты таңдау голштино-фризге түсті. Ірі қараны ақтөбелік компаниядан сатып аламыз.

Жуырда Үкіметтің шешімімен өңірді дамытудың кешенді жоспары аясында облыстық бюджеттің көлемі ұлғайтылды. Осылайша ауыл шаруашылығы саласының бір өзіне ғана 20 млрд теңге бағытталды. Тағы 51 млрд теңге өзге секторларды дамытуға жұмсалмақ. Яғни, жолдар жөнделіп, ауылдардағы әр үйге су тартылып, мектептер қалыпқа келтіріліп, баспаналар тұрғызылмақ. Баспана демекші, биыл Булаев қаласындағы 45 пәтерлі үйдің құрылысы бастау алмақ.

Қайрат Омаров, М.Жұмабаев ауданының әкімі:

– Үйдің жалпы аумағы 4 мың шаршы метрді құрайды. Бұл кредиттік үй болғандықтан, 1 шаршы метрдің құны 160 мың теңгеден аспайды. Құрылысқа 703 млн теңге бағытталды.

Ерекшелігі сол баспана Отбасы банктің бағдарламасымен тұрғызылып жатыр. Яғни, пәтерлер қаржы ұйымында кезекте тұрған салымшыларға үлестірілмек. Қазір М.Жұмабаев ауданы бойынша үй кезегінде 371 адам тұр.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Кредиттік баспаналарды облыс орталығында ғана емес, аудандарда да жүзеге асыру қажет. Жалдамалы-коммуналдық үйді тұрғызуға ақша жұмсағанның орнына қаражатты құрылысқа тартқан жөн. Бұл – біздің алғашқы тәжірибеміз. Нәтижесіне қарай, жобаны басқа аудандарда да енгізу туралы шешім қабылданады.

Мұнымен Булаев қаласындағы оң өзгерістер бітпейді. Тұрғындарды аудан орталығындағы Уәлиханов көшесінің қалыпқа келуі де қуантпақ. Әйтпесе, ұзындығы 1 км 90 метрді құрайтын жол ағайынды әбден әбігерге салған көрінеді.

Қайрат Омаров, М.Жұмабаев ауданының әкімі:

– Жолды жөндеуге 200 млн теңге бағытталмақ. Жолға асфальт төселіп, суағарлар жасалады. Сондай-ақ, жарықтандыру жүйесін ауыстырамыз.

Биыл Булаев қаласында 8 шақырым жол жөндеу көрмек. Дәл осындай жұмыс аудан бойынша 39 км аралыққа жүргізілмек. Аталған мақсатқа 2 млрд теңге бағытталып отыр.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Тек қана Булаев қаласына соңғы 4 жылда 2 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінді. Биыл жолдарды жөндеуге 700 млн теңге бағытталып отыр. Суағарлар болмаған көшелерге суағарлар орнатудамыз. Себебі, қалалар мен ауылдар күн сайын ажарлануы керек. Енді бұл бағытталған қаражатқа бақылау қажет.

Бақылау турасында ауданда мәселе туындамайды. Жергілікті депутаттардан құралған мониторингілік топ биыл 400 мың теңгеге арнайы құрылғы да сатып алыпты. Қондырғының көмегімен белсенділер төселген асфальттің сапасын тексеріп отырмақ. Тағы биыл көшелерді жарықтандыруға аудандық бюджеттен 157 млн теңге бөлініп отыр. Сондай-ақ, 13 елді мекендегі таза ауызсу мәселесі де біржақты етіледі. Аталған мақсатқа 1 млрд теңге бағытталған. Кейін аймақ басшысы М.Жұмабаев ауданының тасқынға дайындығын бағамдады. Бүгінде арнайы штаб жасақталып, техника мен жеке құрам сақадай сай тұр.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі

– Абырой болғанда өңір бойынша жер жібіп, қар суын сіңіріп жатыр. Бұл тасқынның қаупін сейілтеді. Бірақ, ауа температурасының күні-түні жылы болуы қардың тез еруіне әкеп соқтырмақ. Яғни, Есілге құйылатын судың көлемі лезде артуы мүмкін. Тіршілік көзі Сергеев су қоймасына жетсе, жағдайды бақылауда ұстау қиындайды.

Қостанай облысынан су көп көлемде келсе, қауіп Тимирязев ауданында да туындайды. Қазір төтенше жағдайлар департаментінің мамандары тасқынның алдын алу үшін күн-түн демей еңбектенуде. Өңір мен республика бойынша ахуалға да тәулік бойы мониторинг жүргізіліп жатыр.

Эльмира Садвокасова

Бұдан әрі оқыңыз

Жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы бойынша 34 қазақстандық көлік сатып алды
Облыстық архивте көрме қанат жайды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путинмен кездесті
СҚО-ға газ құбырын тарту мәселесі Сенатта қаралды
Президент ҰҚК-ны реформалау туралы Жарлыққа қол қойды
Облыс әкімі Тимирязев ауданындағы Мичурино ауылының тұрғындарымен кездесті
Қоқыс полигонына қатысты заңбұзушылықтар анықталды
Облыс орталығында медресе салынады
Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейге барды
Қазақстандағы референдумға 40-қа жуық халықаралық бақылаушы келеді
ОБЛЫСТА ИНФЛЯЦИЯ ДЕҢГЕЙІ 6,7 ПАЙЫЗДЫ ҚҰРАДЫ
ОБЛЫС ӘКІМІ ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВТЫҢ СҰХБАТЫ