Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі Возвышенка селосының тұрғындарымен кездесті

Возвышенка – аудандағы іргелі елді мекендердің бірі. Ауылдың 2,5 мыңға жуық тұрғыны бар. Селоны дамытудан облыстық, аудандық әкімдік те, жергілікті аграрийлер де аянып тұрған жоқ. Былтыр қос тарап бірігіп, таза ауызсу мәселесін біржақты етті. Осылайша бүгінде тіршілік көзі әрбір баспанаға кіргізілген. Алайда, түйткілдер де жоқ емес. Ағайынмен жыл сайын көтерілетін мәселе Булаев қаласы мен Возвышенканы байланыстыратын аралыққа қатысты. Трассаның 20 шақырымының сапасы жақсы болса, қалғаны көңіл көншітпейді. Проблема 7 бірдей елді мекеннің тұрғындарын алаңдатуда.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Біз бұл трассаны республика балансына өткіздік. Жолды жөндеуге кететін шығынды облыстық қазынаның қалтасы көтермейді. Енді ел бюджетінен қалыпқа келтірулерін сұрайтын боламыз. Биыл жобаны жүзеге асыруға мүмкіндік жоқ. Жұмысты келесі жылы бастаймыз деген ойдамын.

Жиында медицина саласындағы проблемалар да айтылды. Соның бірі емхана балансындағы көлікке қатысты. Темір тұлпарға артылған жүктеме ауыр көрінеді. Әбден тозығы жеткен машина жиі сынады екен. Сұрақ назарсыз қалмайды деді облыс әкімі. Өз базынасын Құмар Ақсақаловқа Возвышенка орта мектебінің директоры да жеткізді.

Валерий Карпович, Возвышенка орта мектебінің директоры, М.Жұмабаев ауданы:

– Бүгінде мектеп жасына дейінгі балалардың саны 120-дан асады. Ал балабақша бар-жоғы 50 орынға шақталған. Бұл бүгіндегі өзекті мәселе болып отыр. Сұрақтың біржақты етілуіне көмек көрсетуіңізді сұраймыз.

Жаңа балабақша ашу үшін нысан да бар. Тұрғындар бұрынғы аудандық атқарушы комитеттің ғимаратын қолданысқа енгізуді сұрап отыр. Оны қалыпқа келтіру бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы жергілікті аграрийлер әзірлепті. Енді жұмыстың өзін жүргізуге қаражат қажет. Құмар Ақсақалов қаржы табылатындығын жеткізді. Ауылдағы ағайын балалар алаңқайларының санын арттыру мәселесін де көтерді. Істі Возвышенканың қос ірі шаруасы өз мойнына алды. Жиыннан кейін аймақ басшысы қоғамдық қабылдау өткізді.

Эльмира Садвокасова