Ауыл шаруашылығы

Мамлюттік диқандар биыл 164 мың гектар жерге егін егеді

«Новомихайловское-2003» серіктестігінің механизаторлары көктемгі егістік науқанына білек сыбана дайындалып жатыр. Мамандар тракторлар мен өзге де ауыл шаруашылығы техникаларын тексеріп, бұзылған жерлерін жөндеумен әлек. Дөңгелекті ауыстырып, мотор мен қосалқы бөлшектерін майлап, жаңа маусымға сайлап жатыр.

Владимир Курнаев, механизатор, Мамлют ауданы:

– Трактордың радиаторын алып жатырмыз. Қазір оны тексеріп көреміз. Бөлшектерін майлап, белбеуін ауыстырамыз. Шаруаны кеше бастаған едік, бір аптаның ішінде тәмамдаймыз. Техниканы қазір дұрыстап дайындап алсаң, егістік кезінде көп қиындық туындамайды.

Қазіргі күні серіктестікте 100-ден аса ауылшаруашылығы техникасы бар. Олар: комбайн, трактор мен тұқым сепкіштер. Мамандар күн жылығанға дейін көліктерді тексеріп, жөндеп қоймақшы. Мұндағы аграрий жұмысшыларды заманауи техникалармен қамтуға да көңіл бөледі. Мемлекеттік қолдаудың арқасында серіктестікке жыл сайын су жаңа канадалық комбайн, тракторлар жеткізіліп отырады.

Александр Виневцев, «Новомихайловское-2003» ЖШС бас инженері, Мамлют ауданы:

– 2021 жылы «JohnDeere» компаниясынан 2 тұқым сепкіш пен 4 комбайн сатып алдық. Техникалардың жалпы құны 1 млрд теңгеден асты. Бұл соманың 25 пайызын мемлекет субсидиялады. Базаны жаңартып тұрған маңызды. Заманауи техникалар егу мен ору науқанын уақытылы жүргізіп, мол өнім алуға септеседі.

Мол ырыздық алу үшін тегеурінді техникадан бөлек, жер ананы қажетті заттармен байытқан да жөн. Серіктестік басшысы Вячеслав Щёголевтің айтуынша минералды тыңайтқыш сатып алуға жыл сайын 300 млн теңгеден аса қаржы жұмсалады екен.

Вячеслав Щёголев, «Новомихайловское-2003» ЖШС директоры, Мамлют ауданы:

– Жыл сайын 10 мың гектар жерге тұқым сіңіреміз. Бидай, рапс, зығыр мен бұршақ егеміз. Былтырғы құрғақшылыққа қарамастан орташа шығымдылық гектарына 20 центнерді құрады. Мұндай көрсеткішке сұйық тыңайтқыш сепкеннің нәтижесінде қол жеткіздік. Сонымен қатар, егінді зиянкестерден қорғау мақсатында химиялық өнім сатып алуға жыл сайын 200 млн теңге жұмсаймыз.

Жылпы, биыл Мамлют ауданындағы аграрийлер 164 мың гектардан аса алқапқа түрлі дақылдар мен көкөніс екпекші. Жұмыс күн жылынған соң басталады. Сонымен қатар, биыл мамлюттік диқандарға төмендетілген бағамен 3 мың 300 тонна жағармай жеткізіледі. Сұйық отынның құны 1 литріне 210 теңгеден аспайды. Қазіргі күні оның 2 мың 280 тоннасы дайын тұр.

Бердимурат Баймухан