Білім

ЖҚЭК-інің оқыту жүйесіндегі оң өзгерістер

Петропавл жоғары құрылыс-экономикалық колледжін бітіретін түлектер оқуын университетте жалғастыра алады. Әзірге, бұл бір мамандық бойынша ғана мүмкін болып отыр. “Ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану” мамандығына қазір колледжде 270-ке жуық студент біліп алып жүр екен. Оқуын университетте жалғастыру мүмкіндігі өткен оқу жылында түскен студенттер иеленеді. Айта кетейік, жаңа оқыту бағдарламасы аясында былтыр колледжге 25 студент қабылданған.

Ғалия Жұмағужинова, Жоғары құрылыс-экономикалық колледжінің бөлімше меңгерушісі:
– Қазір біз қолданбалы бакалавриат оқыту бағдарламасын егжей-тегжейлі талқылап жатырмыз. Яғни, аталған бағдарлама талаптары студенттерге де, жұмысберушілер мен университет үшін де ыңғайлы болуы керек. Колледжді тәмамдаған студенттер сол бір мамандық бойынша бірден 3-ші курсқа қабылдана алады.

Колледжде болашақ құрылысшыларды оқытуда заманауи әдіс-тәсілдер қолданылады. Мұнда студенттер 2020 жылдан бастап 3D жобалаумен айналысады. Бұл технология құрылыс барысында болатын олқылықтың алдын алып, жобаға қатысты есептеу жүргізгенде өлшемдерді дәл анықтауға мүмкіндік береді. Компьютерде үйдің қалай және неден жасалғанын бүге-шүгесіне дейін көруге болады. Тіпті, қаланатын әр кірпішті санап, есік пен терезенің аралығын өлшеуге болады. Бұл технологияны студенттер курстық және дипломдық жұмыс жазу кезінде қолданады. Сондай-ақ, 3D жобалау бойынша өтетін байқауларға қатысады.

Валерия Сартина, Жоғары құрылыс-экономикалық колледжінің оқытушысы /ауд/:
– Бұл – перспективасы зор бағыт. Біз студенттерімізді бәсекеге қабілетті болуға тәрбиелейміз. 3D модельдеуден басқа біз қарапайым жобалаумен де айналысамыз. Жұмыс барысына қажетті 3D принтер, 3D сканер барлық құрал-жабдықтар бар.

Жоғары құрылыс-экономикалық колледжінде қазіргі уақытта жалпы 1200-ге жуық студент біліп алып жатыр. Соның ішінде колледжден жыл сайын құрылыс бағытында шамамен 70 маман түлеп ұшады.

Самал Жунусова