МТРА жаңалықтары

Шартты түрде сотталғандарға электронды білезік тағылады

40 жастағы Владислав ұрлық үшін істі болған. Сот шешімімен ол 2019 жылы 3 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды. Ер адам оның 2 жылын өтеді. Осы аралықта оған пробация қызметкерлері тарапынан бірнеше рет ескерту жасалыпты. Яғни, Владислав кешкі уақытта тұрғылықты орнында болмай, тіпті белгіленген аумақтан да шығып жүре берген. Енді, бұдан былай оның қозғалысы электронды білезіктің көмегімен бақыланады.

Өңірдің пробация қызметіне 140-тан астам электронды білезік бөлініпті. Заман игілігі жазаны өтеу шарттарын жүйелі түрде бұзатын және бірнеше ескертуі бар сотталғандарға тағылады. Осылайша істі болғандардың әр жүріс-тұрысы арнайы жүйе арқылы күндіз-түні қадағаланады. Яғни, инспектор жұмыс орнында отырып жаза тағайындалғандардың іс-әрекетін планшет, ноутбук немесе мобильді телефон арқылы бақылай алады. Егер де жазасын өтеуші шектеу шараларын орындамаса немесе электронды білезікті бүлдірсе арнайы қосымша бірден дабыл береді.

Дәурен Сәдуақасов, СҚО бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті пробация қызметі бөлімінің бастығы:

– Бұл құрылғы су өткізбейді. Яғни, білезікпен суға түсуге болады. Оған қоса ол антиаллергендік материалдан жасалған. Электронды білезіктің қуаттылығы 2 күнге жетеді. Егер қуаты таусылса оны 2 сағат көлемінде зарядтау қажет. Осындай құрылғы тағылған жазасын өтеушіге барлық ережелер түсіндіріледі, білезікті қуаттайтын құрылғы да беріледі. Істі болғандарға бұл құрылғыны өз беттерімен шешуге тыйым салынады.

Егер айыпты тұлға электронды білезікті сындырса, тиісті шара қолданылады және оның құнын өздері өтейді. Мұндай бір құрылғының бағасы 200 мың теңгеден асып жығылады. Айта кетейік, электронды білезік бір жылдық мерзімге ғана арналған.

Гүлжан Башенова, СҚО бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті пробация қызметі бөлімінің инспекторы:

– Біздің күнделікті жұмысымыз – сотталғандарды мекен жайы бойынша тексеру. Олар бізге келіп тіркеуден өтеді. 04:05 Талап бойынша істі болғандар 8-ден кейін үйлерінде отырулары қажет. Егер баспанасында болмаса ескерту беріледі. Жағдай қайталанып жатса, оның құжаттарын сотқа жолдаймыз. Сот шешімімен ол темір тордың ар жағына қамалуы мүмкін.

Бүгінде облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің пробация қызметінде 800-ге жуық адам тіркеуде тұр. Оның 126-сы – жазасын өтеу шарттарын жиі бұзатындар.

Дана Ешкенова