Әр түрлі

Қазақстанда зейнетақы мен жәрдемақы өседі

Байболат Бектемірұлы, тілші:

– Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің бұл жолғы жалпы отырысы бақандай 3 сағатқа созылды. Осы уақыт ішінде алқалы жиын қатысушылары сан түрлі бағытта әңгіме қозғады. Сөз алғандардың қатарында Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжанов та болды. Ол Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік саладағы өзгерістер туралы баяндама жасады.

Тұрғындардың кірісін арттыру – Үкіметтің негізгі міндеттерінің бірі. Бұл бағытта билік «Халық табысын арттыру» бағдарламасын әзірлепті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасы бойынша жасалған арнайы жобада нақты шаралар қарастырылған. Ең алдымен Ералы Тоғжанов соларға тоқталды.

Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

– Біріншіден, бұл бюджет саласы және квазимемлекеттік сектордың 1 млн-нан аса қызметкерінің, сондай-ақ мемлекеттен қолдау алатын бизнестің 2,8 млн жұмысшысының жалақысын көтеру. Екіншіден, экономиканың барлық салаларында жаңадан ашылатын 2 млн жұмыс орнының табысын арттыру. Оның ішінде бұрын сырттан әкелінген, өндірісте сұранысқа ие тауарлардың 19 түрі бойынша жаңа кәсіпорындар құру.

Үшіншіден, ірі кәсіпорындар айналасында шағын және орта бизнес белдеуін құру. Осы арқылы кәсіпкерліктен түсетін табысты арттыру. Нақты шаралар тізімі мұнымен шектелмейді. Су жаңа жобада «Бақытты отбасы» сияқты бастамалар бойынша көпбалалы және мүгедек ұл-қыздарды тәрбиелеп отырған аналарды еңбекпен қамту көзделген.

Байболат Бектемірұлы, тілші:

– Бұл бағытта жыл сайын 20 мың жұмыс орнын құру жоспарланған. Яғни, Үкімет әр жылда осынша ананы екі қолға бір күрекпен қамтуды мақсат етіп отыр. Ералы Тоғжанов өз баяндамасында қыз-жігіттер де назардан тыс қалмайтынын жеткізді. Елімізде «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны» жобалары және 400 АЕК көлемінде гранттар беру арқылы 160 мың жас азаматты еңбекке тарту қарастырылған екен.

Халықтың кірісі әлеуметтік төлемдер арқылы да артады. Биыл бұл мақсатқа 4 трлн теңге қарастырылыпты. Аталған сома өткен жылдың деңгейінен бақандай 230 млрд теңгеге көп екен. Оң өзгерістердің кейбірі зейнетақы мен жәрдемақыға қатысты.

Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

– Инфляция дәлізінің 8-10%-ға өзгеруіне байланысты зейнетақы мен жәрдемақы мөлшерін тағы да 4%-ға қосымша индекстеу көзделіп отыр. Бұл 2021 жылға қарағанда барлық әлеуметтік төлемдердің 9%-ға, ал зейнетақының 11%-ға өсуін қамтамасыз етеді. Өсім 4,2 млн әлеуметтік төлем алушыны қамтиды. Аталған мақсатқа нақтыланған бюджет жобасында қосымша 111 млрд теңге қарастырылған.

Әлеуметтік саладағы өзекті мәселелердің бірі – аз қамтылған отбасылардың жағдайы. Елімізде күнкөріс деңгейі кедейлік шегінен төмен отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек көрсетілетіні тұрғындарға жақсы мәлім. Бүгінде мұндай қаржылай қолдауды 95 мың отбасы алып отыр.
Үкімет өндіріс ошақтарында орын алатын еңбек дауларына да назар аударады. Биыл билік өкілдері жүздеген құқық бұзушылықты жойып, мыңдаған жанның құқығын қорғапты.

Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

– Жыл басынан бері 140 проблемалық кәсіпорын анықталып, 91-інде мәселе шешілді. 49 кәсіпорында жұмыс жүргізілуде. 800-ден аса заң бұзушылық жойылып, 10 мыңға жуық қызметкердің құқығы қорғалды.

Бүгінде жұмыс жүргізіліп жатқан проблемалық кәсіпорындардың басым бөлігі Маңғыстау облысында орналасқан екен. Аққайыңдар өлкесінде мұндай 2 өндіріс ошағы тіркеліпті.

Байболат Култанов