ТЖ

ТЖД қызметкерлері өзен-көлдерде рейд жүргізіп жатыр

Алдияр Айтпаев, тілші:

– Ерке есілдің жағасы. Өзеннің жиегіндегі мұз толықтай еріген. Бірақ, бүгін рейдке шыққаннан кейін қайтсек те балық аулап отырған балықшылармен тілдесуіміз қажет. Бұл жандарға біз арнайы құтқару тақтайшасымен барамыз.

Бүгін рейдке шыққан мамандардың назарына Сергей Соболев ілікті. Азамат таңнан бері Есілге қармағын құрып, балық аулап жүр. Петропавлдық балықшы қазіргі уақытта бұл қызығушылықтың аса қауіпті екендігін жақсы біледі. Қарапайым қағидалармен де таныс. Бірақ, сақтықта қорлық жоқ. Құтқарушылар балықшыға қауіпсіздік ережелерін еске салды.

Сергей Соболев, қала тұрғыны:

– Балық аулауға жиі келемін. Қазір мұз қарқынды түрде еріп жатыр. Сол себепті, абайлап жүру қажет. Бұл – қысқы балық аулау мезгілінің соңғы күндері. Бұдан кейін өзен-көлдерге жоламаған жөн.

Бүгін Есілге қармақ құрған Сергей Соболевтен басқа жан баласы жоқ. Яғни, көбі көктемдегі қауіптен сақтанатын сыңайлы. Жалпы, қазіргі таңда өзендегі мұздың қалындығы 40 сантиметрді құрап отыр. Мамандардың сөзінше бұл жүріп-тұруға қауіпті. Мұз кез келген сәтте сынып, арты келеңсіз оқиғаға әкеп соқтыруы мүмкін.

Сергей Черкасов, СҚО ТЖД құтқару бөлімшесінің бастығы:

– Күнделікті жедел-құтқару жасағының мүшелері рейдке жиі шығып тұрады. Мұндай жұмыстар күн сайын төрт рет жүргізіледі. Бірақ, күн жылып, мұздың қарқынды еруіне байланысты өзен-көлдерді күн сайын 6 рет тексеріп шығамыз.

Жыл басынан бері құтқарушылар 400-ге тарта рейдтік шара өткізген. Айта кету қажет, өңірде соңғы жылдары мұз үстінде балық аулау кезінде келеңсіз жағдай тіркелмеген.

Алдияр Айтпаев