Су тасқыны

“Қазавтожол” ҰК филиалының мамандары құбырларды тазалап, бөгеттер тұрғызуда

Бұл – Ойқала ықшам ауданы. Қаланың аталған бөлігіндегі ондаған үйдің су астында қалу қаупі жоғары. Көктем келген сайын тұрғындар тақымдарын қысып отырады. Баспаналар тым төмен орналасқан. Сондықтан, қауіптің бірі еріген қар суынан туындайды. Биыл мәселе біржақты етілді. «Қазавтожол» ҰК-ның жергілікті филиалының мамандары жер үй секторы мен Есілді байланыстыратын жол астындағы құбырларды тазалады. Осылайша, ақ ұлпа еріп, өзенге ағып кетті. Енді екінші қауіптің бетін қайтару қажет.

Игорь Суровцев, «Қазақавтожол» ЖШС СҚОФ бас инженері:

– Тасқын бойынша ахуал тікелей Ақмола облысына байланысты. Сілеті су қоймасы біртіндеп суды жіберуді бастады. Сәуірдің 20-сына қарай ол Петропавлға жетіп қалады деген ойдамыз. Осылайша Есілдің деңгейі көтеріледі. Яғни, Ойқаладағы баспаналарды су басу қаупі артады. Оның алдын алу үшін біз қазір инертті материалдарды төгудеміз. Бұл судың ағып кетпеуіне бөгет болады.

Бұл – жыл сайынғы профилактикалық шара. «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының қарамағында облыс бойынша 115 қауіпті учаске бар. Оның жалпы ұзындығы 89 шақырымды құрайды. Сондықтан, наурыз айынан бастап акционерлік қоғам қызметкерлері арналарды, арықтар мен су өткізгіш құбырларды тазартуға кірісті. Бүгінде соңғылары 100 пайызға ашылған. Ол қайта бітеліп қалмас үшін мамандар күнделікті тексеріс жүргізеді екен.

Бөгеттерді жасауға қажет инертті материал да дайын. Қазір аудандар мен қаладағы қауіпті учаскелерге жеткізілуде. Атап айтар болсақ, 5400 текше метрге жуық саз балшық пен қиыршық тас сатып алынған. Тағы жаңадан 9 су өткізгіш құбыр салынбақ. 3 дана су сорғысы да әзірленіпті.

Қанат Өсербаев, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ СҚОФ директорының орынбасары:

– Республикалық маңызы бар трасса бойында 19 көпір орналасқан. Оның 4-уін су басу қаупі жоғары. Сондай-ақ, 607 су құбырының 72-сі қызыл судың астында қалуы мүмкін. Қазір мердігер компания алдын алу жұмыстарын жүргізуде. Біз қауырт маусымға сақадай сай дайынбыз. 250 адамнан тұратын 14 бригада жасақталып, 60 бірлік техника әзірленді.

Тасқынның алдын алу шараларына ұлттық компанияның жергілікті филиалы 100 млн теңгеге жуық қаражат бағыттаған.

Эльмира Садвокасова