Спорт

Елімізде ауылды жерлерде спорттық нысандар аз

Ауылды жерде спорттық нысан салуда Солтүстік Қазақстан облысында қолданылып жатқан тәсілді пайдаланып көру керек. ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Үкімет отырысында осындай ұсыныс білдірді.

Оның айтуынша, қазіргі күні жалпы республика бойынша 42 мыңнан астам спорттық ғимарат болса, соның 23 мыңнан астамы ауылды жерлерде орналасқан. Спорттық инфрақұрылым жетіспеушілігін шешу мақсатымен елде 100 дене шынықтыру, сауықтыру кешенін салу жобасы іске асырылған болатын. Бірақ, оларды тұрғызу мен жабдықтау көп қаражатты талап етеді екен. Осыған орай алдағы уақытта ауылды жерлерде жылдам тұрғызылатын спорттық нысандар салу қажет деді министр.

Дәурен Абаев, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

– Нысандардың кейбірі тұрғындары көшіп жатқан келешегі аз елді мекендерде салынып кеткен. Соның салдарынан кейбір кешендер толық қуатта жұмыс істеп тұрған жоқ. Бұл мәселені шешудің бір жолы – жылдам тұрғызылатын, шығыны аз нысандар салу. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі ауылдық елді мекендерді пәтер инфрақұрылымымен қамтамасыз ету үшін осындай тәжірибені пайдалана бастады. Бұл – әлдеқайда арзан, функционалы бай, жылдам тәсіл. Басқа әкімдіктерден осы тәсілді қарастырып көруді сұраймыз.

Бердимурат Баймухан