Спорт

СҚО-ға “Мейірімділік пен достық” керуені аялдады

Алаңда – Бескөл ауылының №3 орта мектебі мен “Парасат” оқушылары. Соңғы команда үшін бұл екінші ойын. Алғашқысында қарсыластарына есе жіберіпті. Енді екінші орынға тұрақтау үшін міндетті түрде жеңіске жету қажет. Әзірге, ойлары іске асуда.

“Парасат” командасының құрылғанына 7 ай болыпты. Осы уақыт аралығында құрама мүшелері бір-бірін жақсы түсінісіп үлгерген. Нәтижесі – міне. Қос партияда да жеткіншектер жеңіске жетті.

Даниял Есләмов, “Парасат” құрамасының мүшесі, Қызылжар ауданы:

– Біз аптасына 3 рет сабақ өткіземіз. Таңғы 9-дан 11-ге дейін. Біз көп дайындалдық. Біздің ойындар жақсы өтті, бірақ біраз қателік жібердік. Сондықтан, екінші орын алдық.

Қазір Бескөл №3 орта мектебінің оқушыларында жарыс барысын өзгертіп, суырылып алға шығуға әлі де мүмкіндік бар. “Парасат”-қа кеткен есені “Бәйтерек”-тен қайтаруға болады. Алайда, соңғылары оңай шағылар жаңғақ емес. Мықты ойын өрнегінен бөлек, жеткіншектер үнемі ұрандатып, бір-біріне мықты қолдау көрсетуде. Ауызбіршілік, шыңдалған техника мен жақсы әзірліктің арқасында “Бәйтерек” құрамасы жеңіске жетті.

Олжас Кенжеев, “Бәйтерек” құрамасының мүшесі, Қызылжар ауданы:

– Қыркүйектен бері командамен дайындалып жатырмыз. Осы жылы жақсы жетістіктерге жетіп жатырмыз. Өз позицияларымызды білеміз. Қиын емес, бірақ дайындықты талап етеді.

Жарыс Ұлттық Дельфий Комитеті мен Қазақстандағы АҚШ елшілігінің бірлесіп ұйымдастырған “Мейірімділік пен достық керуені” аясында өтті. Шара қос мемлекет арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдығына орайластырылыпты.

Құралай Түспекова, Ұлттық Дельфий Комитетінің директоры:

– Біздің керуен моноқалалар мен ірі елді мекендерге тоқтайды. Мәселен, СҚ облысынан Бескөл ауылын таңдадық. Себебі, пандемия уақытында оқушылар барлық шаралардан тыйылды. Селодағы жастардың белсенділігін арттыру мақсатында кеше шығармашылыққа басымдық бердік. Кейінгі буын өкілдерімен бірге қолөнермен айналыстық.

Ал, бүгін оқушылар волейбол мен тоғызқұмалақтан сынға түсті. Жүлдегерлер мен жеңімпаздар кубок, грамота және спорттық жарақтармен марапатталды. Енді “Мейірімділік пен достық керуені” СҚ-нан Степногорск, Абай, Екібастұз, Риддер қалаларына ат басын бұрмақ.

Эльмира Садвокасова