Денсаулық сақтау

Петропавлдағы аутизм орталығына 3 жылда 470-ке тарта бала жүгінген

Диас Мақсат 7 жаста. Балақай 2019-шы жылдан бері «Асыл мирас» аутизм орталығына келіп жүр. Мұндағы клиникалық педагогтардың айтуынша әуел баста ол тұйық болыпты. Тез ашуланып, эмоцияға да қатты берілген көрінеді. Ал қазір Диас өзгерген, өзінің қатарластарымен емін-еркін араласып, керек кезде оларға қолдау да көрсетеді екен. Теміртас Макенов немересінің жетістіктеріне күнделікті куә болып, қуанып жүр.

Теміртас Мәкенов, қала тұрғыны:

– Бұрынғыдан қарағанда немерем дамып келеді. Орталыққа қашан барамыз деп асығып тұрады. Мыннан көп нәрсе үйренді. Ойнайды, балалар бір-бірімен танысады. Мектепке де барып жүр, бірақ мектептен бұрын осы жерге келді ғой. Мұнда көп тәлім алды. Орталықта әріп, сандарды үйренгеннен кейін мектепте оңай болып жатыр.

«Асыл мирас» орталығы 2019-шы жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы уақыт аралығында 470-ке тарта бала мамандардың арнайы көмегіне жүгінген. Ал қазір мұнда 70 ұл-қыз келіп жүр екен. Балалардың жағдайына қарай әрбіріне әр түрлі бағытта шипа жасалады.

Назгүл Тортулова, «Асыл мирас» аутизм орталығы басшысының міндетін атқарушы:

– Қазақстан бойынша 10 қалада мұндай орталықтар бар. Аутизм орталықтары бір үлгіде балаларға көмек көрсетеді. Орталық 6 бағыттан бойынша жұмыс жасайды. Ол оқыту, джаспер, әлеуметтік дағдыларды дамыту және ерте қолдау, қарқынды дамыту бағдарламалары бар. Балалар мүмкіндіктері бойынша диагностика жасап, біз әр бағдарламаға бөлеміз. Сол бағдарламалар арқылы балада қандай дефициттер бар сол бойынша жұмыс жасаймыз.

Мұндай санатқа жататын балаларға ерекше күтім мен қолдау қажет. Бұл ретте орталықтағы мамандар тәжірибелі. Мұнда барлығы 14 клиникалық педагог жұмыс істейді.

Алдияр Айтпаев