МТРА жаңалықтары

Кеңестік кезеңдегі қуыршақ жинаумен әуестенген нәзікжандының көрмесі

Мальвина, Буратино, Чебурашка мен қолтырауын Гена. Әрқайсысы Анна Ляшенко үшін ерекше ыстық. Өйткені, бақытты балалық шақ куәгерлерінің бірін ата-анасы сыйласа, бірін еркелетіп өсірген әжесі берген екен. Мұнда тіпті кіржуғыш машина, бұрынғы бояу мен пластелиннің түр-түрі бар. Жиналған дүниенің көптігі соншалық, бір дүкен қорына жарайды. Осындай ерекше көрме өткізу Аннаның әуелгі арманы бопты.
Шараны өзі гүл өсіруші болып істейтін Ботаникалық бақтың негізін салған Равиль Рязаповтың құрметіне арнап ұйымдастырған.

Анна Ляшенко, Ботаникалық бақтың гүл өсірушісі:

– Мен ойыншық жинауды 20 жасымда бастадым. 18 жыл бойы жинаған дүнием көп. Санын білмеймін, санаған емеспін. Ең алғашқы қуыршағым да сақтаулы тұр. Кей ойыншықтар сынып қалған. Оларды жөндеп қойдым. Бұдан да көп болатын. Бір бөлігі жоғалып қалды.

Қуыршақтардың ішіндегі ерекше орын алатыны – мынауысы. Бұл – Виолетта. Есімін Аннаның өзі қойыпты. Сүйікті қуыршағын әжесі 2 жасында сыйлаған екен.
Нәзікжандыың айтуынша осындай ерекше хоббиіне жақындары әуелде әзілмен қараса керек. Алайда, кейін қолдау көрсете бастаған.

Анна Ляшенко, Ботаникалық бақтың гүл өсірушісі:

– Құр хобби ғана емес, естелік коллекция екенін көрген жақындарым артынан ерекше деген жәдігерлерді өздері әкеліп тапсырып отырды. Тіпті, ескі ойыншықтарын лақтырып жібермекші болған жандар инстаграмм парақшамда көрме туралы хабарлама көріп, оларды маған жіберген.

Кеңес заманының балаларында қазіргідей түрлі ойыншықтардың болмағаны белгілі. Сол себепті, келушерге қуыршақтардың кейбіреуі жақсы таныс екен. Олардың айтуынша балалық шақтарына қайта оралғандаймыз дейді.

“Бала кезіміздегі ойыншықтар” деген атаумен қанат жайған көрме осы айдың соңына дейін жалғасады.

Самал Жунусова