Білім

И.Шухов атындағы кітапханада балаларға арналған апталық өтіп жатыр

Бұл – “Twister” ойыны. Ұл-қыздар кітапхананың екінші қабатына көтерілу үшін еденде бейнеленген суреттермен жүріп өтулері қажет. Балақайлар алғашқы сынды оңай өткерді.

Ал екінші қабатта балаларды түрлі ертегі кейіпкерлері күтіп алды. Басты рөлде – “Суық жүрек” мультфильміндегі Анна мен Эльза. Олар балғындармен түрлі ойын ойнап, шығармашылық және интеллектуалдық қабілеттерін байқады.

Көңілді атмосфера, қызықты әрі танымдық ойындар. Иван Шухов атындағы кітапхана қызметкерлерінің іс-шараны ұйымдастырудағы мақсаты – балалардық кітап оқуға деген құлшынысын арттыру.

Кенжегүл Маметова, И.П.Шухов атындағы орталық қалалық кітапхананың кітапханашысы:

– Сәуірдің 2-сі Ханс Кристиан Андерсеннің туған күнінде, әлемнің барлық құрлықтарында Халықаралық балалар кітабы күні атап өтіледі. Сондықтан, біздің кітапханада “Ғажайыптар” атты ойын бағдарламасы дайындалды. Бүгін бұл бағдарламаны “АБВГДейка” балабақшасының ұл-қыздары тамашалауда. Іс-шараның басты мақсаты – кішкентай оқырмандарды кітап оқуға баулу.

Балаларға арналған іс-шара апта соңына дейін жалғаспақ. Кітапханашылар мерекелік бағдарламаны қызықтылығын жоғалтпас үшін күн сайын құбылтып отырады.

Дана Ешкенова