Білім

Сәуірдің 2-сі – Халықаралық балалар кітабы күні

Санжар Нұғыман – Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының тұрақты оқырманы. 10 жасар жеткіншек білім мен ізденіске құмар. Бүгінге дейін ол мұзбалақ ақын Мұқағали мен алып Абайдың өлеңдер жинағын түгел оқып шыққан екен. Ақындардың кейбір туындыларын жаттап та алыпты. Бүгін кітап апталығының ашылуына орай Мұқағали Мақатаевтың «Туған жер» өлеңін көпшілік алдында оқып берді.

Бүгін Санжар марапатқа ие болды. Кітапхана ұжымы жеткіншектің кітап оқуға деген құлшынысын қолпаштап, арнайы сыйлықтар мен диплом табыстады.

Санжар Нұғыман:

– Кітапханаға жие келемін. Маған өте қатты ұнайды. Мұнда өте көп қызықты кітаптар бар. Ескен Елубаевтың 10-11 жастағы балаларға арнап жазған «Балаларға базарлық», сондай-ақ, Танаш Дәуренбековтың «Сыр балалары» шығармасын да оқимын. Бұл авторлар өзіме қатты ұнайды. Себебі, қызықты кейіпкерлер мен көп эмоциялар бар.

Дәстүрлі апталықтың ашылуына орай бүгін 37 бала марапатталды. Олардың барлығы – Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының тұрақты оқырмандары. Жиын барысында ұл-қыздар балалар әдебиеті бағытында қалам тербеп жүрген жазушы әрі кітапхана қызметкері Ғалия Малдыбаевамен сұхбаттасты.

Ғалия Малдыбаева, Ғ.Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының қызметкері:

– Мерекелердің ішіндегі ең бір бағалы және құнды мереке ол – Кітап күні. Кітап – ақылына ақы сұрамайтын азық. Жастарға кітаптың адам баласына қаншалықты құндылық екендігі, қандай азық екендігі айтылып жатыр. Сондықтан, кітап оқитын оқырмандар көбеюде.

Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының қызметкерлері жылына 28 мыңға тарта оқырманға қызмет көрсетеді. Кітапхана қорында 293 мың еңбек бар.

Алдияр Айтпаев