МТРА жаңалықтары

Былтыр құқығы бұзылған тұтынушыларға 4,5 млн теңге қайтарылған

Өткен жылы облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаментіне қала тұрғыны жүгініп, белгілі бір дүкенге қатысты арыз білдірген. Тоңазытқыш сатып алған ер адам сан соғып қалған екен. Үйге жеткізілген техника дұрыс жұмыс істемепті. Олқылыққа көз жеткізген ол тауарды қайтармақ болады. Бірақ, саудагер тұтынушының ақшасын қайтарудан бас тартады.

Ләзім Мияшева, СҚО тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің басшысы:
– Тексеріс жүргізу барысында тұтынушы тоңазытқышты пайдалану шарттарын сақтағаны дәлелденді. Осылайша, екі тарап арасындағы сатып алу-сату келісім шарты бұзылды. Тұтынушыға 136 мың теңге көлемінде қаражат қайтарылды.

Өткен жылы жергілікті тұтынушылар құқығын қорғау департаментіне осыған ұқсас 640-тан астам өтініш келіп түскен. Оның жартысы жазбаша түрде жолданыпты. Мамандар тиісті талдау жүргізіп, тұтынушылардың құқықтары көбіне бөлшек және электрондық сауда саласында бұзылатындығын анықтаған.

Ләзім Мияшева, СҚО тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің басшысы:

– 2020 жылы біздің департаментке тұтынушылардан 216 ауызша және жазбаша өтініш келіп түскен болатын. Былтыр бұл көрсеткіш 3 есеге дейін өсіп, 641-ді құрады. Арыз-шағымдардың 58%-ы мақұлданды. Нәтижесінде тұтынушыларға шамамен 4,5 млн теңге қайтарылды. Келіп түскен шағымдардың 74,6% бөлшек және электрондық сауда саласына қатысты болды.

Мамандардың сөзінше, өнімді дүкенге қайтарудан қорықпау керек. Қолданыстағы заңға сәйкес, тұтынушы тауардан кемшілік тапқан жағдайда оны ауыстыруды немесе ақшасын қайтаруды талап етуге құқылы. Егер сатушы бұйымтайға 10 күн ішінде жауап бермесе немесе клиенттің заңды талаптарын орындаудан бас тартса, онда сатып алушы бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін арнайы ведомствоға және сотқа жүгіне алады. Осы ретте тұтынушы белгілі бір тауарды сатып алу кезінде мына қағидаларды ескергені жөн:

– тауар туралы ақпаратты, оның ішінде тауардың кепілдік мерзімі және жарамдылық мерзімі туралы ақпаратты мұқият зерделеу;
– сатушыдан сәйкестік сертификаттарын немесе сәйкестік туралы декларацияны, оның ішінде сәйкестігі міндетті расталуға жататын импорттық тауарды талап ету;
– сатушыдан тауарды сатып алу фактісін растайтын құжатты талап етуге құқылы;
– тұтынушылар құқықтарының бұзылу фактісін дәлелдеу үшін фото-және бейнетіркеу жүргізу;
– тұтынушылардың құқықтары бұзылған жағдайда сатушыға жазбаша наразылық қоюға және уәкілетті мемлекеттік органдарға жүгінуге.

Өңірде тұтынушылар құқығын қорғау қауымдастығы да бар. Былтыр бұл ұйымға 300-ден астам шағым келіп түскен.

Надежда Дубовая, СҚО тұтынушылар құқығын қорғау қауымдастығының төрайымы:

– Арыз-шағымдардың арасында азық-түліктің жарамдылық мерзіміне қатысты наразылықтар жетерлік. Кей дүкендерде өнімдердің сақталу мерзімі өтіп кеткеніне қарамастан сөрелерде біраз уақыт тұра береді. Сатып алушыларға тауарды сатып алмас бұрын әрдайым мерзімге мән беру қажет.

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы ақпарат алу үшін e-tutynushy.kz бірыңғай ақпараттық жүйесіне немесе 52-42-32 телефон нөмірі бойынша хабарласа аласыздар. Сондай-ақ, өтініштерді e-Gov.kz, e-Otinish ақпараттық жүйесі арқылы электрондық форматта жіберуге болады.

Дана Ешкенова