Денсаулық сақтау

2 сәуір – Бүкіләлемдік аутизм жайлы ақпарат тарату күні

Расул Әлішев – 12 жаста. Осыдан 7 жыл бұрын жеткіншекке «аутизм» диагнозы қойылған. Бірақ, бұл ауру балғынның мүмкіндіктерін шектемейді. Ол өз ерекшелігімен өмір сүруді, дамып, жақындарын жетістіктерімен қуантуды үйренді. Расул аптасына 3 мәрте жүзуге барады, қолөнермен айналысады. Ермексаздан түрлі жануарлар мен мультфильм кейіпкерлерін жасайды. Мұның барлығы «Менің балам» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өтетін шаралардың нәтижесі дейді Расулдың анасы Зарина Әлішева.

Зарина Әлішева, қала тұрғыны:

– Біз қоғамдық бірлестік құрылғаннан бері мүшелік етіп келеміз. Өте қуаныштымын. Ұйым Расул екеумізге үлкен үміт және жігер сыйлады. Ата-аналар арасында жиі ақыл-кеңеспен алмасамыз. Мықты дәрігерлер мен оңалту орталықтарының деректерімен бөлісеміз. Бірігіп шаралар ұйымдастырып, ұл-қыздарымыздың дұрыс дамуы үшін қолдан келгенді жасаймыз.

«Менің балам» қоғамдық бірлестігі осыдан 5 жыл бұрын құрылған. Ұйымға бүгінде облыс бойынша 230-дан аса отбасы мүшелік етеді. Оның ішінде 30 ата-ана белсенділік танытып, ерікті ретінде бірлестік жұмысына араласады екен. Бірі балаларға арналған үйірмелерге жетекшілік етсе, енді бірі ұйымдастырушылық процесске ат салысады. Жеткіншектердің емдік дене шынықтыру, музыка және қолөнермен айналысуға мүмкіндіктері бар. Сондай-ақ, облыстық спорт басқармасының қолдауымен 4 секция жұмыс істейді. Балғындардың мәнерлеп сырғанау, үстел теннисі, жеңіл атлетика және жүзу бойынша жетістіктері көңіл қуантады.

Татьяна Ковалева, «Менің балам» ҚБ жетекшісі:

– Біз қала бойынша түзету сыныптарының ашылуына қол жеткіздік. Үкіметке дейін хат жазып, ерекше балалардың мәселесін көтердік. Бүгінде 2 арнайы мектептен бөлек, 8 білім ошағында түзету сыныптары жұмыс істейді. Сондай-ақ, «Асыл мирас» қоры шаһарымызда жоспардан тыс аутист балаларға арналған орталық ашты.

Атқарылған ауқымды шаруаның жемісін бүгінде облыс бойынша барлық аутист балалар көріп отыр. Олар түзету сыныптарында оқып, бос уақыттарында «Асыл мирас» орталығындағы оңалтудан өтеді. Секцияларға барып, денелерін шынықтырады. Қоғамға бейімделеді. Бірлестік құрылғандағы ең басты мақсат та осы еді. Жұртшылыққа ерекше балалар жайлы айтып, қатып қалған теріс қағидаларды бұзу болатын. Бірақ, ұйымға әлі де көмек қажет. Қолдауды ата-аналар психология бағытында білім алып жатқан волонтер студенттерден күтеді.

Эльмира Садвокасова