Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімінің қоғамдық қабылдауы өтті

Алғаш болып Есіл ауданынан онлайн байланыс арқылы облыс әкіміне Асқар Нұғыманов жүгінді. Петровка селосының тұрғыны “Столыпинское” серіктестігіндегі жерін қайтармақ ниетте. Себебі, былтыр агроқұрылым пайды кешеуілдетіп төлепті. Бірақ, кәсіпкер азаматтың үлесін бермей отыр. Мәселені аудан әкімі Медет Оспанов түсіндіріп берді.

Медет Оспанов, Есіл ауданының әкімі:

– Бүгінде “Столыпинское” серіктестігінде 2500 гектар жер бар. Оның 1944-і егістік. 2020 жылы егістік жерді кредиторлық берешекке байланысты банкротное управляющийге берілді. Оны ол 67 млн теңгеге сатты.

Аукцион арқылы жерді Петропавл қаласының тұрғыны сатып алыпты. Аграрий селоға көшіп, егістікпен мықтап айналысуға дайын. Былтыр кәсіпкер әр пай үшін 3,5 центнер астық берген. Биыл көрсеткішті кемінде 5 центнерге жеткізбек. Сондықтан, уайымдауға негіз жоқ дейді Медет Оспанов. Ал, Қызылжар ауданының тұрғыны Вруйр Геворкяннің жағдайы күрделірек. Азаматтың 130 гектарға жуық жері бар. Алайда, диқан тең жартысынан айырылып қалуы мүмкін. Алқап аграрийге осыдан 5 жыл бұрын “көкөніс шаруашылығы үшін” уақытша пайдалануға берілген. Мерзім ақпан айында аяқталыпты. Оны созуға 2018-де Жер кодексіне енгізілген өзгеріс мүмкіндік бермей отыр.

Бақытжан Бекіш, ҚР АШМ жер ресурстарын басқару комитеті СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– 2018 жылдың маусымынан бастап көкөніс шаруашылығына 1 гектардан астам жер берілмейді. Сондықтан, келісім шарт мерзімін ұзартуға мүмкіндік жоқ. Алқаптарды фермерлік қожалық санатына өткізіп, конкурсқа қою қажет. Жер байқауды жеңіп алған адамға беріледі.

Байқауда Вруйр Геворкян жеңіске жетуі тиіс-ақ. Себебі, жерді өңдейді, минералдық тыңайтқыш сіңіреді, Петровка селосына да көмегін аямайды. Биыл жаңа трактор мен комбайн да сатып алыпты. Бірақ, жердің конкурсын Қызылжар ауданының әкімдігі маусым айының соңына белгілепті. Егістік науқаны таяп қалғанда бұл ақылға қонымсыз әрекет деді Құмар Ақсақалов.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бұл – аудандық әкімдіктің проблемасы. Жерге қатысты конкурстарды қыс мезгілінде, тым құрығанда көктемде өткізу керек. Ал, жазда ұйымдастыру деген сұмдық? Аграрий қазір сендерге сеніп, бидай егеді. Ал конкурсты басқа адам жеңіп алса ше? Сонда күзде өнімді сол адам жинамай ма? Бұл өте қарапайым дүние ғой. Кәсіпкерді тығыраққа тірегендеріңіз не? Керісінше көмектесулеріңіз қажет қой.

Құмар Ақсақалов Қызылжар ауданының әкімдігіне аграрийге көмек көрсетуді тапсырды. Атқамінерлер кәсіпкердің жерін “иесіз” деп танып, бір жылға пайдалануға мүмкіндік береді. Ал жазға белгіленген конкурсты орақ науқаны аяқталғанда жүргізбек. Мұндай жағдайға Вруйр Геворкяннан бөлек, тағы бірнеше азамат тап болған. Аймақ басшысы мәселенің жіті зерттелетінін жеткізді. Соңғы болып өңір жетекшісіне қала тұрғыны Иван Насонов жүгінді. Қария Жас өркен ықшам ауданындағы жер үйінің үнемі су астында қалатынын айтып шағымданды. Кінәлі деп “Қызылжар су” серіктестігін танып отыр. Монополистер жағдайды бүгін-ертең түзейтіндіктерін айтты. Кәсіпорынның басшысы Жеңіс Сұлтанов мәселені өз бақылауына алмақ.

Эльмира Садвокасова