МТРА жаңалықтарыCOVID-19: Қазақстан

Коронавирус бойынша әлемдік ахуал

Коронавирус бойынша әлемдегі жағдай біртіндеп оңалып келеді. Сингапурде вакцина алған және ПТР нәтижесі оң болып шыққан туристерге кіруге мүмкіндік беріліп отыр. Бұрынғыдай экспресс-тест жасатып, карантинде отыру міндет емес. Мемлекет билігі өз тұрғындары үшін де шектеу шараларын жеңілдетті. Далада енді маскасыз серуендеуге және топтасып жүруге болады.
Ал Францияға барамын дегендер үшін вакцинация паспорты да қажет емес. Тұрғындар мен туристер үшін барлық дәмхана, мейрамхана, кинотеатр мен театрлардың есігі ашық. Ұшақ және поездбен де еркін қатынауға болады. Өткен аптада маска режимі де алынып тасталды. Бетпердені тек қоғамдық көлікке отырғанда кию керек.

Жан Кастекс, Франция премьер-министрі:

– Әзірге, денсаулық сақтау ұйымдары, мүгедектер мен қарттар үйіне кіру үшін санитарлық паспорттың болуы міндетті. Сондай-ақ, емдеу мекемелеріндегі мамандар вакцинациядан толық өтулері тиіс. Елдегі эпидемиологиялық жағдай түзелгендіктен, туристерге арналған шектеу шаралары өз күшін жойды.

Маска тағу сынды санитарлық талаптардан Венгрия да бас тартып отыр. Бұл – вакцинация науқанының нәтижесі. Венгриялықтардың 70 пайызында коронавирусқа қарсы иммунитет қалыптасқан. Сондай-ақ, 4 млн-ға жуық адам ревакцинациядан өткен.

Эльмира Садвокасова