Ауыл шаруашылығы

Облыс бойынша сүт өндірісі 675 мың тоннаны құрамақ

“Полудинское” серіктестігі сүтті мал шаруашылығын 2020 жылы қолға алған. Агроқұрылым үшін жаңа бағыт болғандықтан, кәсіпкер істі 32 симментал мен 60 бас голштино-фриздан бастаған. Соңғысының өнімділігі көңілден шыққандықтан, былтыр Еуропа елдерінен тағы 145 асылтұқымды төртаяқты жеткізілген. Сиырлардан сүт күніне 2 мәрте алынады. Жұмыс толығымен автоматтандырылған. Сауынға бұрынғыдай ондаған келіншек тартылмайды. Шаруаны небәрі 3 адам тындырады.

Әр сиырдан қанша сүт жиналғандығын диспетчерлік қосыннан көруге болады. Экранға төртаяқты берген ақтың көлемі, сауынға жұмсалған уақыт шығарылады. Тағы мұннан ірі қара туралы толық ақпаратпен танысуға да мүмкіндік бар. 24 сағат ішінде жиналған ақтың 3,5 тоннасын кәсіпорын Петропавлдағы Eurasian Milk зауытына жөнелтеді. Ал 700-800 литрді биыл төлдеген бұзауларға қалдырады. Олардың саны 200-ге жуықтайды.

Михаил Гриценко, “Полудинское” ЖШС ветеринар-дәрігері, М.Жұмабаев ауданы:

– Карусель 40 сиырға шақталған. Бір айналымды шамамен 10 минуттың ішінде жасайды. Қазір фермадағы 210 ірі қараны сауамыз. Шаруаға барлығы 1,5 сағат уақыт жұмсалады. Орташа есеппен әр ірі қара тәулігіне 22 литрдей сүт береді. Жалпы қондырғының қуаттылығы 1200 бас төртаяқтыны құрайды.

Яғни, тауарлы-сүт фермасының әлеуеті жоғары. Мақсат – кәсіпорынды толық қуаттылыққа шығару. Ол үшін биыл агроқұрылымға тағы 175 голштино-фриз сиыры жеткізіледі. Қазір кәсіпкер бұзау қора салып, алдағы уақытта әрбіреуі 450 бас ірі қараға арналған екі база тұрғызбақ ниетте. Ойды іске асыруда мемлекеттен көрсетілетін қаржылай қолдау айтарлықтай демеу болып отыр дейді аграрий.

Евгений Артющик, “Полудинское” ЖШС директоры, М.Жұмабаев ауданы:

– Мал шаруашылығын дамытуға, қажетті техника сатып алуға 68 млн теңге көлемінде мемлекеттік көмекке ие болдық. Еуропа елдерінен жеткізілген әр сиыр үшін 400 мың теңге төленді. Осылайша, жалпы сомасы 62 млн теңге берілді. Одан бөлек, сүт өндіру шығындарын төмендетуге бағытталған субсидия бар. Өткен жылдың маусым мен желтоқсан айлары аралығында 2 млн 450 мың теңге алдық.

Ал аграрийдің өзі тауарлы-сүт фермасына 1 млрд 800 млн теңге инвестиция құйған. Алдағы уақытта шаруаны кеңейтуге тағы 2 млрд теңгеге жуық қаражат бағыттауды жоспарлап отыр. Жалпы, бүгінде өңір бойынша заманауи тауарлы-сүт фермалардың саны 29-ға жетті. Олардың 22-сі соңғы 3 жылда бой көтеріпті.

Мейрам Меңдібаев, СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:

– Биыл облыс бойынша 11 заманауи кешеннің құрылысы жүргізілуде. Осы жылдың аяғына дейін 5 мың 600 бас сиырға арналған 8 сүт кешенін пайдалануға беру жоспарлануда. Толық қуаттылыққа шыққан кезде қосымша 28 мың тоннадан астам сүт өндірілетін болады. 2026 жылға дейін 52 сүт фермасының құрылысы жоспарланған. Оларды іске қосу жыл сайын 1 млн тоннадан астам сүт өндіруге мүмкіндік береді.

Былтыр облыс бойынша сүт өндірісі 6 пайызға ұлғайып, 635 мың тоннаны құраған болатын. Биыл жылдық көрсеткіш 675 мың тоннаға жетпек.

Эльмира Садвокасова