Бизнес және экономика

Қайтарымсыз қаржы беру тәртібіне өзгеріс енгізілді

Өткен жылы өңірімізде “Еңбек” бағдарламасы арқылы 1200 адам мемлекеттен қолдау алған. Олардың әрбіріне 600 мың теңгеге дейін қайтарымсыз несие берілген екен. Ал биыл өз ісін бастағысы кеп жүрген жандарға “2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба” аясында демеу көрсетілмек. Нақтырақ айтсақ, ағымдағы жылы мемлекеттік бастама бойынша 650 солтүстікқазақстандық бизнеске бет бұра алады.

Ботагөз Оразбаева – СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бөлімінің бас маманы:

– Мемлекеттен берілетін қаржылай қолдау 1 млн 200 мың теңгеге дейін жетеді. Бұрындары грант жұмыссыз жүрген Қазақстан Республикасының кез келген азаматына берілсе, биылдан бастап шектеулер енгізілді. Енді қайтарымсыз несиені жастар мен әлеуметтік осал топқа жататын адамдар ғана ала алады.

Қайтарымсыз несие алу үшін мемлекеттік қолдауға үмітті жандар өтініш жазулары қажет. Ал құжат сәуірдің 1-ші жұлдызынан бастап Business.enbek.kz порталы арқылы қабылданады.

Ботагөз Оразбаева, СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бөлімінің бас маманы:

– Өтініштер 10 күн бойы қаралады. Содан кейін қайтарымсыз несие алуға үмітті адамдар өз жобаларын офлайн форматта ұсынады.
Бизнес идеяны грант беруші комиссия қарастырып, шешім шығарады.

Айта кету қажет, грант алуға өтініш білдірген жан міндетті түрде Халықты жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркеуде тұруы тиіс.

Алдияр Айтпаев