Су тасқыны

СҚО-да жыл басынан бері 13 адам өрттің құрбаны болған

3 ай өткен жоқ, Солтүстік Қазақстан облысында 128 өрт оқиғасы тіркеліп үлгерді. Оның 6-уы наурыздың 21-і мен 27-сі аралығында болған. Қызыл жалыннан биыл жалпы саны 13 адам көз жұмды. Былтырғы статистика тіпті бас шайқатады. 2020-ның сәйкес мерзімінде тілсіз жау 46 бірдей тұрғынның өмірін қиыпты. Тағы бір өзекті мәселе – улы газ. Биыл 9 кісіге ыс тиіп, дәрігерлердің көмегіне жүгінген.

Дмитрий Растихин, СҚО ТЖД басқармасының бастығы

– Ыс тиген 9 адамның біреуі – бала. Соңғы жағдай наурыздың 27-сі күні Айыртау ауданына қарасты Казанка ауылында тіркелді. Мұнда жеке үйде тұратын 48-ші жылғы нәзікжанды уланып қалған. Абырой болғанда дер кезінде ауруханаға жеткізіліп, көмек көрсетілді. Қазір жағдайы тұрақты деп бағаланып отыр.

«Көбіне мұндай жайт мұржаның бітелуінен, пештегі жарықтардан және төбедегі темір ысырманың ерте жабылуынан орын алады»,- дейді Дмитрий Растихин. Сондықтан, тұрғындарды мұқият болуға шақырады. Баспасөз брифингінде Тайынша ауданының бас құтқарушысы Жанат Донанов та сөз алды. Оның айтуынша, жыл басынан бері ауданда 11 өрт оқиғасы тіркеліп, 1 адам көз жұмған. Баяндама барысында шенді көктемгі су тасқынына әзірлік жұмыстарына да тоқталды.

Жанат Донанов, Тайынша ауданының ТЖБ бастығы:

– Аудан бойынша 8 ауылды су басуы мүмкін. Топырақ үйіндісін тұрғыздық. Оның ұзындығы 10 шақырымға жуықтайды. Ауылдарда қар тазалау жұмыстары жүргізілуде.

Тілге тиек етілген 8 ауылдың қатарында Келлеровка, Красная поляна, Қантемір және Теңдік бар. Соңғысына Шағалалы өзенінен қауіп төніп тұр. Осы орайда өткенге көз жүгіртейік. Соңғы рет Тайынша ауданында су тасқыны 2016-да тіркеліпті. 6 жыл бұрын аудандағы 10 елді мекенге еріген қар суы кірген.

Байболат Култанов