Денсаулық сақтау

“Айна-Көз” орталығына – 23 жыл

 

“Айна-Көз” орталығы өткен ғасырдың соңында, яғни 99-шы жылдың 26-шы наурызында ашылған. Бұл медициналық мекеменің өзіндік дәстүрі бар. Мұндағы басшылық құрылған күнді жыл сайын атап өтеді. Биыл денсаулық сақтау саласы өкілдері мейрамханада бас қосып отыр. Жиналғандарды атаулы датамен орталықтың бас директоры Олеся Леонтьева құттықтап, әрқайсысына грамота мен естелік сыйлықтар табыстады.

Өңірімізге ғана емес, алыс-жақын шетелге таныс “Айна-Көз” орталығын офтальмология саласында 45 жыл бойы еңбек еткен Любовь Леонтьева қалаған. Өкінішке қарай, білікті маман осыдан 2 жыл бұрын дүниеден өтіпті. Жарты ғасырға жуық өмірін медицина саласына арнаған нәзікжандының ісін бүгінде балалары жалғастыруда.

Олеся Леонтьева, “Айна-Көз” орталығының бас директоры:

– “Айна-Көз” орталығына 23 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында біраз ауқымды шаруа тындырылды. Емдеу мекемесіне науқастар еліміздің түпкір-түпкірінен келіп, емделеді. Тіпті, шетелдіктерге де қызмет көрсетеміз. Айтар болсақ, бізде ресейлік, тәжікстандық, грузиялық азаматтар емделді.

Көру қабілеті нашарлаған талай жан шипа тапқан орталық үнемі даму жолында. Емдеу мекемесі толығымен заманауи қондырғылармен жабдықталған. Соның нәтижесінде глаукоманы емдеп, қылилықты түзеуге болады. Сондай-ақ, қабаққа ота жасап, көзге жұмсақ хрусталь орнатуға да мүмкіндік бар. Биыл орталық тағы да озық үлгідегі аппаратпен толықпақ.

Сергей Бородкин, “Айна-Көз” орталығының дәрігер-офтальмологы:

– Алдағы уақытта біздің орталықға соңғы үлгідегі лазерлік қондырғы жеткізіледі. Нәтижесінде лазерлік коррекция жасай аламыз. Сәулелік емдеуден көбінесе алыстан нашар көретін жандар өтеді. Мұндай әдісті жастар жағы жиі таңдайды. Лазерлік отаның денсаулыққа зияны жоқ. Ол небәрі 10-15 минутта жасалады.

Жалпы, орталықта 100-ден астам медициналық қызмет түрі көрсетіледі. 25 адамға шақталған тәуліктік және 10 күндізгі стационарлық төсек-орын бар. Ал білімді де білікті мамандардың саны 40-қа жуықтайды.

Любовь Иващенко, “Айна-Көз” орталығының қызметкері:

– 15 жыл бұрын менің көзімнен катаракта ауруы анықталды. Бірден осындағы мамандарға жүгіндім. Ол кезде мені Любовь Леонтьеваның өзі қабылдап, жанарымды қалпына келтірді. Любовь Павловна өте мейірімді адам болды. Мені жұмысқа алған да сол кісі. “Айна-Көз” орталығында еңбек етіп жүргеніме биыл – 15 жыл.

Мерейтойлық жиынға қонақ ретінде орталықта ем қабылдап жүрген науқастар да шақырылыпты. Олар көру мүмкіндігін сыйлаған ақхалаттыларға алғыстарын білдірді.

Людмила Нелюбина, қала тұрғыны:

– Мен “Айна-Көз” орталығында 13 жылдан астам уақыт бойы ем қабылдап жүрмін. Әуелде катарактаға шалдығып, осында ота жасаттым. Қазір емдеу мекемесіне тұрақты түрде жылына 3 рет келіп, қаралып тұрамын. Орталықта қызмет ететін әр маманға шексіз алғысымды білдіремін!

“Айна-Көз” орталығы МӘМС қоры арқылы да жұмыс істейді. Өткен жылы тұрғындарға аталған жүйе аясында 20 мыңға жуық қызмет тегін көрсетілген.

Дана Ешкенова