COVID-19: Қазақстан

Қазақстанда енді маска тағу міндеттелмейді

Қазақстанда енді маска тағу міндеттелмейді. Елімізде эпидемиологиялық жағдайдың тұрақталуына байланысты күні кеше ғана премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті. Жиында бірқатар маңызды шешім қабылданды. Жаңа қаулыға сәйкес енді үй-жайларда бетперде тағу міндеттелмейді. Бірақ, медицина мекемелерінде маска тағу өз күшін жоймайды. Ал адам көп шоғырланатын орындарда, қоғамдық көлікте, ұйымдасқан ұжымдарда тұрғындарға маска тағып жүруге кеңес беріледі. Бұл міндетті емес. Сондай-ақ, ведомствоаралық комиссияның шешіміне сәйкес, Pfizer препаратымен вакциналауға рұқсат берілген адамдардың тізімі кеңейтілді.

1. Бастапқы вакциналаудан өтетін, профилактикалық вакцина алғысы келетін адамдар;
2. Түрлі себептермен шетелге шығу үшін қайталама екпе алушылар;
3. Шетелде алған вакцина курсын аяқтау үшін екпе алушы тұлғалар;
4. COVID-19 вирусына қарсы ревакцинация алушы барлық топтағы адамдар.

Дана Ешкенова