Бизнес және экономика

Өңірде әлеуметтік кәсіпкерлік бағыты дамиды

Сәлімхан Сәбитов – жеке кәсіпкер. Азамат 2019 жылы «Тең жол» автомектебін ашты. Орталықтың басқаларынан ерекшелігі сол, мұнда темір тұлпар басқаруды мүмкіндігі шектеулі жандар да меңгере алады. Алдағы уақытта іскер жан шаруасын дамытпақ ойы бар. Осы орайда “Әлеуметтік кәсіпкерлік” жобасына қатысуға ниеттеніп отыр.

Сәлімхан Сәбитов, «Тең жол» ЖШС автомектебінің директоры:

– Осы күнде 28 адам оқудан өтті. 11-і – мүмкіндігі шектеулі адам. 3-уі өзіне көлік сатып алып, қазір қатынап жүр. Өздерінің ниеті болса, мен болашақта таксопарк ашпақ ойым бар. Соған мүмкіндігі шектеулі адамдарды жұмысқа орналастыра аламын.

Сәлімхан Сәбитов сияқты жобалары қоғамның әлеуметтік әлжуаз топ өкілдеріне бағытталған іскер жандарға біраз қолдау қарастырылып отыр. Атап айтқанда, кәсіпкерлердің бұл санатына салынатын салық жеңілдетілмек. Сондай-ақ, грант ретінде қаржылай көмек те көрсетілетін болады әрі несие мен мүлікті жалға алуға субсидиялар беру көзделген. Алайда, бизнесмендерге артылатын жауапкершілік жүгі де ауыр болмақ. “Әлеуметтік кәсіпкерлік” жобасы 4 бағыт бойынша дамымақ. Мұнда арнайы санаттағы адамдарға қызмет көрсетуден бөлек, жетімдер, көпбалалы және аз қамтылған отбасы өкілдерін, түрмеден шыққан жандарды жұмыспен қамтуға да басымдық беріледі.

Болат Данияров, “AMANAT” партиясы СҚОФ атқарушы хатшысының орынбасары:

– Әлеуметтік кәсіпкерлік бағытын дамытуды мемлекет басшысы өткен жылдың қараша айында жүктеген болатын. Тапсырмаға сәйкес облысымызда арнайы комиссия құрылды. Оған партия мүшелері, үкіметтік емес ұйымдар мен кәсіподақ, кәсіпкерлер палатасының өкілдері кіреді. Ал, жетекші ретінде облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы таңдалды. Біз осыған дейін екі отырыс өткізіп, жұмыс тәртібін белгіледік. Сондай-ақ, бизнесмендер арасында ақпараттандыру шараларын өткіздік.

Жиын барысында әлеуметтік кәсіпкерлік бағытында дамығысы келетін 3 бизнес өкілі сөз алды. Әрбіреуі комиссия мүшелеріне өз жобаларын таныстырды.

Эльмира Садвокасова