МТРА жаңалықтарыАптадағы маңызды жаңалықтар

ҚР Ұлттық ұланының Академиясына – 25 жыл

Қаламыздағы Ұлттық Ұлан әскери институтында ерекше күн. Ел тыныштығын күзетуші офицерлерді даярлайтын білім ордасына бүгін 25 жыл толып отыр. Осыған орай жоғары оқу орнының алдында мерейтойлық іс-шара өткізілуде.

Мерейтой қарсаңында білім ордасында маңызды өзгеріс орын алды. Бұдай былай әскери институт ҚР Ұлттық ұланының Академиясы деп аталатын болады. Статустың өзгеруіне байланысты мұнда алдағы уақытта бакалаврлардан бөлек, магистрлер де даярланады. Салтанатты жиын барысында оқу орнындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы Сәбит Ахметов сөз алып, жас буынды тарихи сәтпен құттықтады.

Сәбит Ахметов, ҚР Ұлттық ұланы Академиясы ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Бүгін әскери оқу орнының ерекше күні. Бұл біздің ұлттық ұланымыздың, егеменді еліміздің болашағы үшін жасалып жатқан үлкен қадам.

Кейін мамандар Академия қабырғасында қанат жайған көрмені тамашалады. Жиналған қауымға әскери оқу орнының құрылу тарихы таныстырылды. Сонымен қатар, ұзақ жылдар бойы қорғаныс саласында қызмет етіп, ерен еңбек еткен жандар марапатталды және алдағы жұмыс жоспары талқыланды.

Бауыржан Абжанов, ҚР Ұлттық ұланы Академиясының бастығы:

– Ақпанның 2-сі күні Қазақстан Респбликасы Ұлттық ұланының Әскери институты Үкіметтің қаулысы бойынша Академия болып қайта құрылды. Бұл біздің әскерилерді тәрбиелеуде жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Бұған дейін 4 жыл бойы бакалаврларды ғана оқыттық. Бұдан былай мұнда магистрлік бағдарлама аясында жедел тактикалық буын офицерлерін де тәрбиелейміз.

Алдағы уақытта білім ордасына жаңа мамандар келіп, жастарды патриоттық тұрғыда тәрбиелеумен және кәсіби дайындығын ұштаумен айналысады. Сондай-ақ, биыл алғаш рет 15 магистр оқуға қабылданады.

Бердимурат Баймухан