Қоғам

Аққайыңдықтар мемлекет басшысының Жолдауына үн қосты

Жасы 70-тен асқан Светлана Қасымова зейнетке шықса да жұмыстан қол үзген емес. Ауылдық округтің ардагерлер кеңесіне жетекшілік етіп, этномәдени бірлестіктің жұмысын ұйымдастырады. Азаматтық ұстанымы белсенді қария мемлекет басшысының Жолдауын да қалт жібермейді. Өйткені, маңызды құжатта ел дамуының бағыт-бағдары көрсетіледі дейді Светлана Қасымова. Зейнеткердің көңілінен шыққан тағы бір жаңалық – ол жаңа өңірлердің пайда болуы.

Светлана Қасымова, «Шаңырақ» қазақ этномәдени бірлестігінің төрайымы, Аққайың ауданы:

– Жаңа 3 облыс құралып жатыр. Абай атын беріп жатыр. Біз қуанып жатырмыз. Жаңа Қазақстанға ол да керек деп есептеймін.

Президент өз Жолдауында халық қалаулылары атына заты сай болу керектігін қадап айтты. Яғни, сайлауалды бағдарламасында уәдені үйіп-төгіп, кейін қарасын батыратын жандардың жайы белгілі болды. Сөзден тайғандары мандатынан айырылады.

Еділ Жәкенов, Аққайың аудандық мәслихатының хатшысы:

– Президент өз Жолдауында депутаттық корпустың жұмысын жетілдіруге қатысты бірқатар тапсырма берді. Қасым-Жомарт Тоқаев сөзден іске көшетін сәт туғандығын айтты. Барлық деңгейдегі халық қалаулылары тұрғындармен жиі кездесулер өткізіп, базыналарын шешуге көмектесуі қажет.

Аудандық мәслихат депутаттары мемлекет басшысы жариялаған реформалар жұмысқа ерекше жауапкершілікпен қарап, істеген ісімізді таразылауға септеседі дейді.

Магжан Ахмадина