COVID-19: Қазақстан

Өңірде карантиндік шаралар жеңілдетілді

Қаңтар-ақпан айларындағы жағдаймен салыстырғанда бүгінде өңірде эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Коронавирус қазір күніне 10-ға жуық адамнан ғана анықталады. Соңғы қос аптада облыс бойынша вирус жұқтыру көрсеткіші өткен мерзіммен салыстырғанда 2,8 есеге төмендеген.
Осы орайда өңірдің бас санитар дәрігерінің жаңа қаулысы шықты. Облыс “сары” немесе “жасыл” аймақтса болған жағдайда азаматтар «Ashyq» қосымшасын ерікті түрде пайдалана алады.

Арман Күшбасов, СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:

– “Ashyq” қосымшасы толығымен жойылмайды. Егер облыс “қызыл” зонаға қайта кірсе қосымшаны пайдалану міндетті болмақ. Жаңа қаулыға сәйкес енді тұрғындарға көшеде маска тақпауына рұқсат етілген. Ал нысан ішінде міндетті түрде бетпердемен жүру керек. Сондай-ақ, әлеуметтік қашықтықты сақтауға қойылатын талаптар өз күшін жойды.

Бірқатар шектеу шаралары күшін жойғанымен, арқаны кеңге салуға әлі ерте. Осы ретте стационарлардағы жағдайға тоқтала кетсек. Бүгінде коронавирустан емдеу мекемелерінде төсек-орын саны 704-ті құрайды. Бүгінде оның 62-сі бос емес. 7 науқас жансақтау бөлімшесінде жатыр. Мамандар бұл пациенттердің жағдайын ауыр деп бағалауда. 16 адам амбулаторлық деңгейде ем қабылдауда.

Нұрлан Айманов, СҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Стационарлардағы жағдай да біртіндеп тұрақталып келеді. Алайда, әлі де ауруханаларға күніне 5-6 адамнан жатқызылады. Науқастардың басым бөлігі 65 жастан асқандар. Оған қоса көбісі вакциналанбаған.

Иммундау шарасына да тоқтала кетейік, өңірде екпе егу науқанының толық курсынан 292 мыңнан астам адам өткен. Бұл вакциналауға жататын тұрғындардың 82%-ын құрайды. Вакцина алуға рұқсат етілсе де, оны әлі қабылдамаған жандар да аз емес. Олардың саны 67 мыңнан асып жығылады. Денсаулық сақтау саласының мамандары иммундау шарасына қатыспаған азаматтарды екпе алуға шақырады.

Дана Ешкенова