Бизнес және экономика

Петропавлда әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы ашылды

Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығы жұмысын негізі наурыздың бірінде бастаған екен. Екі аптаның ішінде мұндағы жалғыз маманға кәсібі бар 5 нәзікжанды мен кәсіп бастағысы кеп жүрген 2 келіншек жүгініпті. Орталық әйелдер үшін қажет-ақ, бүгін қолдау ұйымының таспасы салтанатты түрде қиылды.

Жиынның негізгі бөлігінен кейін жиналғандар дөңгелек үстел басына жайғасты. Онда орталықтың көрсететін қызметтері мен жұмыс істеу тәртібі таныстырылды. Сондай-ақ, іскер азаматшаларды мазалап жүрген мәселелер де қарастырылды. Әлия Башееваны кадр дефициті алаңдатады. Осыдан бір жыл бұрын өзінің тігін фабрикасын ашқан нәзікжандының айтуынша кәсіпорында тігіншілер тұрақтамайды. Оған мамандардың біліктілігінің жоқтығы себеп.

Әлия Башеева, «Мектеп және балалар киімінің тігін фабрикасы» ЖШС директоры:

– Тігін фабрикамызда бұрын 49 адам жұмыс істеді. Пандемия, кризистің салдарынан 25 адамға дейін қысқарды. 3 айлық курста жөнді маман шықпайды. Өнеркәсіпке келген кезде олар жұмыс істей алмай, кетіп қалады. Мемлекеттен біз көмек сұраймыз. 3 айлық емес 6 айлық немесе 1 жылдық курстар болуы керек.

Әлия Башееваның бұл сұрауын орталық маманы бақылауына алып, алдағы уақытта қарастырылатынын айтты. Айта кету қажет, бүгін мұндай орталық Петропавлда ғана емес еліміздің түкпір-түкпірінде ашылған екен.

Сәуле Жантілесова, облыстық кәсіпкерлер палатасы әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығының консультанты:

– Бізге өз кәсібін енді бастаған немесе бастауға қадам жасамақ болып жүрген қыз-келіншектер жүгінеді. Басында олар арнайы сауалнаманы толтырады. Кейін толтырған сауалнамаларына сүйене отырып оларға бағыт-бағдар нұсқап, орталық ұйымдастыратын арнайы курстарға жібереміз. Орталық офлайн және онлайн форматта да жұмыс істей береді.

Әзірге, бұл – өңіріміздегі әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға бағытталған жалғыз орталық. Осы ретте айта кету қажет, бүгінде ел бойынша кәсіпкерлік кеңістіктегі әйелдердің үлесі 42% құрайды екен.

Алдияр Айтпаев