Ауыл шаруашылығыБизнес және экономика

Әлеуметтік жауапкершілігі жоғары аграрий

Бұл – Шал ақын ауданына қарасты Городецкое селосының көрінісі. Елді мекенде 164 үй түтін түтетіп отыр. Кішігірім ауылдың іші таза әрі жайлы. Село жергілікті тұрғын Николай Гоцактың көз алдында гүлденіпті. 82 жастағы қария өмірінің басым бөлігін дәл осы жерде өткізген.

Николай Гоцак, Городецкое селосының тұрғыны, Шал ақын ауданы:

– Серіктестік басшылары ауысқанмен ауылда еш өзгеріс орын алмайтын. Қожайындары не жол салмады, не қыста қар тазаламады. Александр Леонидович келгелі көзіміз ашылды. Қазір жолдар теп-тегіс. Елді мекеннің ажары кірді.

Николай Гоцактың мақтауына ие болды Александр Леонидович – міне. Күніне бірнеше мәрте азамат өз кәсіпорнын аралап, жұмысшыларының жағдайын сұрайды. Іскер жан шаруа және фермерлік қожалықтарына басшылық етеді. Одан бөлек, иелігінде тағы “Черкас А.Л.” және “Городецское” серіктестіктері бар. Соңғысын Александр Черкас 2013-те құлдырайын деп тұрған кезінде сатып алған. Инвестициядан бөлек, жанын салып, дамытыпты.

Александр Черкас өз ісін 24 жыл бұрын бастаған. Кәсіпкерлікке дейін азамат ветеринар-дәрігер болып қызмет атқарыпты. Аграрлы салаға деген махаббаты тек мал емес, өсімдік шаруашылығын дамытуға да жетелеген. Бүгінде бизнесменнің иелігінде 9 мың гектар алқап бар. Оның 7,5 мыңына ол жыл сайын түрлі дақыл егеді.

Александр Черкас, «Черкас А. Л.» ЖШС, «Городецкое» ЖШС директоры, Шал ақын ауданы:

– Біз 4 мың гектардай жерге бидай егеміз. Бұршақ тұқымдас дақылдарға 500 гектар бөлемін. Тағы мың жарымын зығырға арнаймын. Биыл рапс дәнін сіңіруді көздеп отырмыз. 2019-дан бері дақылдың бұл түрін өсіруді қойған болатынбыз. Себебі, қырыққабат күйесінің таралуына байланысты доғаруға тура келді. Ал, арпаны малға азық ретінде егеміз.

Гектарына 18 центнер өнім. Бұл – Александр Черкастың былтырғы қолайсыз ауа райына қарамастан қол жеткізген көрсеткіші. Ол үшін аграрий ауыл шаруашылығы технологияларын енгізіп, техниканы үнемі жаңарту қажет дейді. Дегенмен, ескісін де утильге жібермейді. Жұмысқа келген жастарға салыстыру үшін сақтайды екен. Десе де барлық жағдай жасалған импорттық трактор мен комбайндарды тізгіндеймін дегендердің қатары қалың емес.

Александр Черкас, «Черкас А. Л.» ЖШС, «Городецкое» ЖШС директоры, Шал ақын ауданы:

– Бүгінде бос жұмыс орындары бар. Бірақ, екі қолға бір күрекпен қамтыламын дегендер жоқ. Былтыр серіктестіктердегі орташа жалақы 296 мың теңгені құрады. Күніне екі мәрте тегін тамақтандырамыз. Жақсы жұмыс істеген 8 маманға сыйақы ретінде темір тұлпар сыйладық. Еңбекақыны қыста да жақсы төлейміз. Сағатына 500-ден мың теңгеге дейін береміз. Соның өзінде ешкім келмейді.

Кадр тапшылығы – өзекті мәселелердің бірі. Шаруа қызған шақта 70 адам жұмыс істесе, қыс мезгілінде іске 30 маман жұмылдырылады. Аграрий егін егумен мал шаруашылығын да қатар алып жүр. Асылтұқымды ірі қараның алғашқы легін, яғни 110 басын 2011 жылы сатып алыпты. Мұнымен тоқтап қалмай шетелдік сиырларды да әкелуге кіріскен.

Александр Черкас, «Черкас А. Л.» ЖШС, «Городецкое» ЖШС директоры, Шал ақын ауданы:

– Ангус сиырларын 2019-20 жылдар аралығында әкелдім. Ірі қараның басқа тұқымдардан артықшылығы бірсыпыра. Олар салмақты тез жинап, жылдам өседі. Еті де өте сапалы. Қазір сиырлардың төлдеп жатқан кезеңі.

Баспанасыз жүрген мамандарына да Александр Черкас қол ұшын созады. Қазір жұмысшыларына арнап аграрий 5 үй салып жатыр. Әрбіреуінің құны – 20 млн теңге. Келесі жылы тағы сонша нысан тұрғызуды көздеп отыр. Бизнесменді өз мамандарының ғана емес, барлық елді мекендіктердің жайы алаңдатады. Сондықтан, жолдың сапасын үнемі қадағалап, қауырт маусымда қардан тазалайды.

Гүлмира Қапеева, Городецкое селолық округінің әкімі, Шал ақын ауданы:

– 2018 жылы Александр Леонидович мектепте жөндеу жұмыстарын жүргізді. Шатырды ауыстырып берді. Бұған шамамен 15 млн теңге жұмсалды. Жалпы, бизнесмен үнемі қолдау көрсетіп отырады. Былтыр орталықтандырылған су жүйесін тарттық. Қаражат жергілікті бюджеттен бөлінді. Ал, шаруаны атқаруда Александр Леонидович өз техникасымен көмектесті.

Городецкое селосы ұзақ жылдар ішінде Александр Черкас үшін туған ауылындай боп кеткен. Сондықтан, елді мекеннің дамуы мен гүлденуі үшін аграрий аянбай еңбек етуде.

Александр Черкас, «Черкас А. Л.» ЖШС, «Городецкое» ЖШС директоры, Шал ақын ауданы:

– Без развития села не будет перспективы в хозяйстве. Есть хорошая поговорка, где нет порядка, там нет достатка. В любом случае, даже если меня здесь не будет, пройдут годы, всё равно память останется.

Эльмира Садвокасова