Қоғам

Аға буын өкілдеріне көмек көрсетілуде

67 жастағы Людмила Гончар бұрындары ауласындағы бар тірлікті отағасы екеуі өздері-ақ тындаратын. Жас келген сайын жұмыс істеу қиындаған. Оның үстіне жұбайының денсаулығы сыр бергелі шаруаға қарауға мүлдем уақыт жоқ дейді.

Людмила Гончар, зейнеткер, М.Жұмабаев ауданы:

– Зейнетке шыққаннан кейін үйдің шаруасын істеу қиындады. Оның үстіне жұбайым 2-3 жылдан бері жатып қалды. Балаларымыз Ресейде тұрады. Жиі келе алмайды. Еріктілер жазда да келіп, арамшөп жұлып, дақылдарды суаруға көмектеседі. Тіпті, еденімді де жуып береді. Осындай қозғалысты ұйымдастырған жандарға ризашылығымды білдіремін.

Ал аудандық ардагерлер кеңесінің өкілдері жастарды қолдай келген және құр алақан келмеген.

Наталья Осипованың ауласында да қар біраз үйіліп қалған екен. Жалғызбасты қария үшін, әрине, ауланы тазарту оңай емес. Сондықтан, оған көмекке еріктілер келіпті. “Жас келсе, іске” демекші, жасөспірімдер тез-ақ шаруаны тындырып, өзге мұқтаж жандарға көмектесуге аттанды. «НаурызКөмек» акциясына М.Жұмабаев ауданындағы өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілері де білсене қатысуда. Олар Полудино ауылындағы жалғызбасты қарияға көмек қолын созуда.

Даниил Побегалов, М.Жұмабаев ауданындағы өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушісі:

– Біз достарымызбен келіп, жалғыз тұратын әжейге көмектесіп жатырмыз. Биыл қар қалың боп түспесе де оны тазалау үлкен кісіге қиын. Оның үстіне кей жерлерде қар мұз боп қатып жатыр.

Қолдарына күрек ұстаған балалар ауладағы қарды тазалауға білек сыбана кіріскен.Жастар шаруасын тездетіп аяқтауға дәмелі. Лидия Абрамова аталған мекеменің тәрбиеленушілері үнемі келіп көмектесіп тұрады дейді.

Лидия Абрамова, зейнеткер, М.Жұмабаев ауданы:

– Жұбайым көзі тірісінде осы тірліктің барлығын өзі жасайтын. 2 жыл бұрын қайтыс болды. Ал менің күшім жетер емес. Балалар осылай келіп жәрдемдесіп тұрады. Олардың көмегіне шексіз ризамын.

Жалпы, «Наурыз Көмек» облыстық челленджі М.Жұмабаев ауданындағы барлық 17 ауылдық округте жүргізіліп жатыр. Оның аясында 30 жанға көмек көрсетілмек.

Гүлдана Нұржігітова, М.Жұмабаев ауданының жастар ресурстық орталығының жетекшісі:

– Наурыз мерекесі қарсаңында біз жалғызбасты қариялар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсетіп жатырмыз. Қазір жастар аулаларды қардан тазартып жатыр. Бұл бір реттік шара емес. Еріктілер үнемі мұқтаж адамдарға қолдау көрсетіп тұрады.

Жалпы, бүгінде ауданда 600-ге жуық ерікті бар екен.

Магжан Ахмадина