8 Наурыз

Кран басқарған нәзікжанды

Жарқ-жұр еткен ұшқын, тарс-тұрс соғылған темірдің дыбысы. Бұл – Петропавлдағы бетон шығаратын зауыт. Кәсіпорында құрылысқа қажетті ауыр материалдар әзірленеді. Өзіміздің көзіміз үйренгендей, мұндай орындарда әдетте қолдары қарулы, шымыр жігіттер ғана жұмыс істейді. Бірақ, кейбір өндіріс ошақтарында нәзікжандылар да ерлердей қалыспай тер төгіп жүргенін білген жөн. Солардың бірі – Фархана Сафарғалеева.

Зейнет жасына таяса да Фархана Әнуарбекқызы өзін сергек сезінеді. Ол күнде мына баспалдақтармен жоғарыға бірнеше рет көтеріліп, өзі жұмыс істейтін техникаға отырады. Осылайша, зауыттағы ең басты және асқан дәлдікті талап ететін күрделі міндеттердің бірін орындайды. Яғни, жылыжымалы кранмен ауыр заттарды бір орыннан екінші орынға жеткізеді.

Фархана Сафарғалеева, аспалы кран машинисі:

– Біздің жұмыста өте мұқият болу қажет. Қырағылық та маңызды. Жүк ілетін адамның айтқанын, көрсеткенін үнемі зейін қойып түсіну керек. Себебі, ауыр дүниелерді жылжытумен айналысамын. Егер назарым ауып кететін болса, оқыс жағдай орын алуы әбден мүмкін. Бұл – адам өмірі үшін өте қауіпті.

Фархана Сафарғалеева мұнда өз мамандығы бойынша 18 жасынан бері жұмыс істеп келеді. Қызметі ұнағаны соншалық, нәзікжанды өмірінің 40 жылын құрылыс саласына арнапты.

Фархана Сафарғалеева, аспалы кран машинисі:

– Анам маған: «Бұл – ер адамдардың жұмысы, ол жерге барма» деп айтатын. Зауытта біраз жыл қызмет еткеннен кейін мен «Бухгалтерлік есеп экономисі» мамандығын меңгердім. Бірақ, ол бойынша жұмыс істегім келмеді. Сөйтіп, жылыжымалы кранға қайта отырдым.

Әріптестері Фархана Әнуарбекқызының шеберлігіне таңданады. “Жылжымалы кранды басқа кісіге сеніп тапсыра алмаймыз”,- дейді олар.

Андрей Некрасов, «ЕДИНСТВО» ЖШС бас инженері:

– Фархана – өз ісінің нағыз шебері. Өте тәжірибелі маман. Техниканы көзін жұмып та басқара алады десем болады. Ұзақ жылдар бойы атқарған қызметі үшін былтыр ІІІ-ші дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапатталды. Қазір ол жастарға білген-түйгенін үйретіп жүр.

Қаламыздағы темірбетон өндіретін зауытта қазіргі күні 150-ден аса қызметкер жұмыс істейді. Ферхана Сафарғалеевадан бөлек, мұнда тағы 30-ға жуығы нәзікжанды бар. Олардың басым бөлігі кәсіпорындағы қондырғыларды басқарады.

Бердимурат Баймухан