Аптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавлда тарих пәні мұғалімдерінің съезі өтті

Халықсыз – тарих жоқ, тарихсыз – халық жоқ демекші кез-келген мемлекеттің басты құңдылығы ол оның өткен жолы. Ал, осы тарихты білу өскелең ұрпақтың міндеті. Бүгінгі күні еліміздің мектептерінде Қазақстан және Дүниежүзі тарихы пәндерінен аптасына бір рет сабақ өтеді. Ұстаздар қауымы оқушылардың даталар мен оқиғаларға толы ақпаратты ұғынуы үшін бұл уақыт өте аз дейді. Түркістан облысы Кентау қаласынан келген мұғалім Құралай Әпет, осы жөнінде бірқатар ұсыныс білдірді. Әсіресе оқулықтардың сапасына үлкен көңіл бөлу керек дейді.

Құралай Әпет, тарих пәнінің мұғалімі, Түркістан облысы:

– Оқулықтың дұрыс жазылуы бағдарламаға тікелей байланысты. Ал бағдарлама – оқулықтың айнасы. Осыған қатысты біз көп ұсыныс бердік. Мәселен, балалар үшін мектепте химия, биология кабинеттері жақсы жабдықталған. Сол себепті тарих кабинеттері де шет қалмаулары тиіс.

Жалпы, соңғы 3-5 жылда оқушылар мен студенттердің тарихқа деген қызығушылығы сәл төмендеді дейді оқытушылар. Оған басты себеп жас ғалымдардың қатысуымен өтетін ғылыми экспидициялардың аздығы.

Анатолий Плешаков, тарих ғылымдарының кандидаты, археолог:

– Ғылыми экспедицияға қатысқан баланың тарих пәніне деген қызығушылығы оянады. Себебі, олар қазба жұмыстарына қатысып, көне жәдігерлер мен ескерткіштеріді өз қолымен ұстап көреді. Осылайша ғылымға жақындай түседі. Бұл кабинетте отырып кітап оқығаннан 100 есе қызығырақ.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында да жас ұрпақтың тарихты танымы дұрыс және бұрмаланған фактілерден ада болуы керек деді. Қазақ халқының тарихында көптеген оқиғалар орын алды. Осы орайда президент ел тарихшыларына мектеп оқулықтарындағы бұрыс деректерді түзетіп, көптомды кітап шығару жөнінде тапсырма берген болатын.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:

– Қазақстан тарихын оқыту бойынша бізде тиісті концепция дайындалып жатыр. Және де академиялық көптомдық кітапты әзірлеп жатырмыз. 1-2 жылдың ішінде бұл жұмыс аяқталады. Сондықтан осы тарих мәселесіне үлкен көңіл бөлінуде.

Бұдан бөлек республикалық съезд барысында мұғалімдер Қазақстан тарихы пәнінің атауын «Қазақ тарихы» ал Дүниежүзі – «Әлем тарихы» болып өзгертілсін деген ұсыныс жасады.

Бердимурат Баймухан