ТЖСу тасқыны

Өңірде “Көктем-2022” республикалық оқу-жаттығу жиыны басталды

Оқу-жаттығу жиындары бұл жолы Тепличное тұсынан бастау алды. Қазір мұнда 6637 әскери бөлімінің сарбаздары тер төгуде. Жігіттер қызыл суды бөгеуге арналған қаптарға құм толтырып жатыр.

Сарбаздар көктемгі су тасқынына қамданып жатса, мына жақта шағын жиналыс өткізілуде. Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары алдағы кезеңдегі жұмыс барысын облыс әкімінің орынбасары Сәтжан Аблалиевке таныстырып жатыр.

Бүгінде мамандардың арнайы есебінде 85 елді мекен бар. Яғни, осынша ауылды биыл су басуы мүмкін екен. Олардың басым бөлігі – Қызылжар ауданында. Сол себепті, арнайы оқу-жаттығу жиыны осы ауданда бастау алған. Республика деңгейіндегі іс-шара 2 күнге жалғасады.

Рамиль Камалов, СҚО ТЖД бастығы:

– Іс-шараның мақсаты – алдағы жоспарды айқындау. Оқу-жаттығу жиыны тәжірибе жүзінде өткізіледі. Яғни, тиісті жұмыстардың барлығын пысықтаймыз. Іске қарқынды түрде кірістік. Бүгін қаптарға құм толтырылып, арнайы құрал-жабдықтардың жай-күйі тексерілуде.

Жалпы, биыл өңірімізде су тасқынымен күреске 500-ге тарта маман мен 130-дан астам арнайы техника жұмылдырылмақ.

Алдияр Айтпаев