Мәдениет

Облыстық тарихи-өлкетану музейінде Масленица мерекесі аталып өтті

Балалар облыстық тарихи-өлкетану музейінде ән айтуда, асыр сала ойнауда. Мына ойын тек қыздарға арналған. Ереже бойынша жеткіншектер табадағы құймаққа ұқсас затты жерге түсіріп алмай аударулары тиіс. Кім көп аударады, сол жеңіске жетеді.

Кейін ұл-қыздар 2-ге бөлініп, арнайы таяқтың көмегімен “нанды” пешке дейін жеткізіп жарысты. Әр топ жеңіске жеткісі келеді. Сондықтан, барларын салуда.

Көңілді ойындардан кейін балаларға Масленица мерекесінің басты тағамы – құймақ таратылды. Тілдің дәмін үйіретін тағамды жеткіншектер бірден тауысты. Ұйымдастырушылар ұл-қыздарды бекерден-бекер музейге жинаған жоқ. Олар осы кеш арқылы өскелең ұрпаққа мейрамның қалай тойланатынын көрсеткілері келеді.

Гүлнұр Зейнел-Ғабиденова, облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері:

– Мерекелік кеш барысында біз жеткіншектерге Масленица мерекесінің қалай тойланатынын көрсеткіміз келді. Балаларға әзірлеген ойындарымыз да өте қызықты. Жалпы, біз Масленица мерекесін облыстық тарихи-өлкетану музейінде наурыздың 6-сына дейін тойлайтын боламыз.

Масленица мерекесінің басты нышандарының бірі – сабан қуыршақ. Оны өртеу қыстың аяқталып, көктемнің бастау алғанын білдіреді. Бұл дәстүрді балалар қызыға тамашалады. Олар аязды күндерге қол былғап, көктемнің шуақты күндерін қарсы алды.

– Мерекелік іс-шара маған қатты ұнады. Түрлі ойындар ойнап, құймақ жедік.

– Көңіл-күйім күшті. Ойындардың барлығына қатыстым. Ең соңында сабан қуыршақты жақтық.

Жалпы, қаһарлы қыспен қоштасып, шуақты көктемді құшақ жая қарсы алу православ дініндегілердің ең ұзақ тойланатын мейрамы. Әр күн түрліше аталып өтеді. Бастысы, бұл күндері барлығы бір-біріне деген өкпе-наздарын ұмытып, кешірім сұраулары тиіс.

Дана Ешкенова