МТРА жаңалықтары

ЕС-164/6 мекемесінде 8 Наурызға орай концерт өткізілді

“Мама, мама” деп әнді шырқаған сайын залда отырған әрбір адамның жүрегі елжіреп, көзге еріксіз жас келеді. Өйткені, бұл жандардың өздері – біреудің анасы, қызы, қарындасы немесе жары. Сондықтан, үйін аңсаған нәзікжандыларды мұндай кештер ерекше тебірентеді.

Гүлжан Сексембаева, ЕС-164/6 түзету мекемесінің психологы:

– Ана тақырыбын қозғағанда сотталғандар өздерінің ана екендіктерін еске алып, үйдегі балаларын ойлап, сезімдері оянады. Олардың түзелу жолына септігін тигізеді деп ойлаймыз.

Кеште түрлі әндер шырқалып, «Найман ана» атты кішігірім қойылым ұсынылды. Туынды баласымен қауышуды аңсаған ана туралы. Ондай сезім залда отырған әйелдерге таңсық емес. Өйткені, олар өз жақындарын күнде көре алмайды. Ал Георгий Николаев үшін бүгін сәтті күн болып отыр. Ол өз анасын телефон арқылы емес, түзету мекемесіне келіп құттықтау мүмкіндігіне ие болды.

Георгий Николаев:

– Мен анамды жарты жыл көрген жоқпын. Қатты сағындым. Сондықтан, түзету мекемесінен осындай шара ұйымдастырамыз деп хабарласқанда қуанып кеттім. Бірден келістім. Менің тағы кішкентай қарындасым бар. Ол бір жаста болғанда анам қылмыс жасап, темір торға тоғытылды. Кездесуге рұқсат берілгенде қызым мен қарындасымды әкеліп тұрамын. Анамның түзету мекемесінде отырғанына 3 жыл болды.

Бүгін жазасын өтеушілердің кейбірін балалары бейнежазба арқылы құттықтап жатты. Сол кезде залға Георгий кіріп анасы Людмиламен қауышып, оған гүл сыйлады.

Нақ осындай тосын сыйды күтпеген ана еріксіз көзіне жас алып, баласын құшағынан жібергісі жоқ. Мұндай жағдайға тебіренген өзге жазасын өтеушілер де көздеріне жас алды.

Людмила Николаева, жазасын өтеуші:

– Осындай шараны ұйымдастырған түзету мекемесінің ұжымына алғысым шексіз. Баламды ұзақ уақыт көрмеп едім. Бір мауқымды басатын болдым.

Түзету мекемесінде барлығы – 250-ге жуық нәзікжанды жазасын өтеуде.

Магжан Ахмадина