COVID-19: Қазақстан

Бескөлдегі екпе егу қарқыны

Таңнан бері Бескөлдегі аудандық ауруханада 10 адам екпе алған. Тағы сонша жан ревакцинациядан өткен екен. 11-ші болып қосалқы құрамды
Әлия Мұссаибова қабылдауда. Осыдан 6 ай бұрын алғашқы қос компонетті салдырған нәзікжанды бүгін қытайлық “CoronaVac” препаратына таңдау жасапты.

Әлия Мұссаибова, Бескөл ауылының тұрғыны:

– Екпенің бұл түрін адам жеңіл өткереді деп естідім. Сол себепті, осы вакцинаны таңдадым. Алғашқы қос екпені жеңіл өткергем. Жақындарымның барлығы иммундалды. Өзім COVID-пен ауырған жоқпын.

Аудан бойынша Қызылжар аудандық ауруханасының 6 вакцинация қосыны бар. Соның біреуі – №27 екпе егу учаскесі. Бүгінгі таңда мұнда 1600-ден астам солтүстікқазақстандық есепте тұр. Иммундау науқаны басталғалы тізімге енген бұл жандардың 78% індетке қарсы препарат қойдырыпты. Бірақ, тұрғындар арасында әлі күнге дейін коронавирустың алдын алу шарасына қатысудан бас тартып жатқандар бар екен.

Айгерім Смағұлова, Қызылжар аудандық ауруханасының жалпы тәжірибедегі дәрігері:

– Негізінен, екпеден егде жастағы жандардың балалары бас тартады. Яғни, ата-аналарына вакцина қойдыртпайды. Ал, зейнеткерлердің өздері иммундаудан өткілері келеді. Бұл – олар үшін аса қажетті іс-шара. Себебі, коронавирус осы санаттағы жандар үшін өте қауіпті.

Жалпы, Қызылжар аудандық ауруханасында 42 мыңнан астам теріскейлік тіркеуде тұр. Оның 30 мыңы екпе алуға жарамды. Қазіргі таңда бұл жандардың 18 мыңнан астамы екпенің алғашқы қос компонентін салдырыпты. Ал ревакцинациядан өткендердің саны 6 мыңнан асады.

Алдияр Айтпаев