8 Наурыз

Аналар кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті

 

«Әйел – бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген сөз бар қазақта. Бірақ, кейінгі кезде бұл ұғым өз маңызын жоғалтып бара жатқан сыңайлы. Неге дейсіздер ғой? Өйткені, қазіргі кезде қыздарымыз отбасын құрып, бала сүюге емес, мансап қууға асығады. Осы қордаланып қалған мәселені шешу мақсатында өңірлік аналар кеңесінің мүшелері 17 бірдей жобаны іске асыруда.

Күлімкөз Смайылова, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы аналар кеңесінің төрайымы:

– «Мәдениетті ана, мәдениетті ұлт» үлкен жобаны іске асырмақшымыз. Басты назарымызды бұрынғыдай бала тәрбиесіне аудармақшымыз. Іскер әйел емес, ана ретінде қалыптасқан көпшілікке үлгі болатын аналар бізге қазір ауадай қажет. Берекелі ұрпақ, әрқашан тұрақты мемлекеттің кепілі және мәдениетті ана көзі ашық, көкірегі ояу ұрпақты ғана өсіре алады.

Сондықтан, нәзікжандылар іскерлікті ғана қуып кетпей, үй мен түздің шаруасын қатар алып жүруі тиіс. Аналар кеңесінің өкілдері әйел азаматшаларға кеңес беріп, оларды қолдауға бағытталған түрлі шаралар ұйымдастырады. Бірақ, олардың бірде-бірі қаржыландырылмайды екен. Яғни, өткізілетін іс-шаралардың барлығын мұндағылар өз күштерімен ұйымдастыратын көрінеді. Сондықтан, қолдау көрсетілсе нұр үстіне нұр болар еді дейді кеңестегілер. Кейін жиын дастархан басында жалғасты. 8 Наурыз қарсаңында бас қосқан әйелдер қауымын облыс басшысының орынбасары Ғани Нығыметов құттықтай келген.

Ғани Нығыметов, СҚО әкімінің орынбасары:

– Ананың рөлі адам өмірінде шынымен ерекше. Барлығымыз ананың алдында тағзым етеміз. Жақсы көреміз аналарымызды. Адамды өмірге әкелетін ана. Ана адамға тәрбие де, білімді де береді. Адамның сана-сезіміне, болмысына бәріне әсер ететін ана.

Магжан Ахмадина