Дана Сәлімқызы:
– Бұл – Валентина Золотареваның жуырда Tik Tok желісіне жүктеген видеосы. Ол бақандай 1,5 млн-ға жуық қаралым жинаған. Мұның сыры неде дейсіздер ғой? Бейнежазбада өзінің денсаулығына бейжай қарамайтын зейнеткер оқырмандарына әжімнен қалай құтылуға болатындығын түсіндіріпті.
Крахмал, какао мен қайнаған суды араластырып, оған зәйтүн майы мен қаймақ қоссаңыз әжімнен арылтатын жап-жақсы маска әзір болады дейді нәзікжанды.
Ақыл-кеңеске толы видеолар 73 жастағы Валентина Золотареваның аккаунтында жетерлік. Олар күн сайын мыңдап лүпіл жинайды. Қазіргі күні зейнеткердің 437 мыңнан астам оқырманы бар. Біле жүріңіз, қария Tik Tok желісінде жұртшылыққа “Валентинка” лақап атымен танымал.
Валентина Золотарева, қала тұрғыны:
– Tik Tok желісіне пандемия басталғанда тіркелдім. Әрине, басында көп нәрсені түсінбейтінмін. Кейін балаларым мен немерелерім видеоны дұрыс түсіру, монтаждау керектігін үйретті. Басында көңілді бейнежазбаларды жүктедім. Бірақ, олар аз қаралым жинады. Бір күні оқырмандарыма қан қысымын дәрі-дәрмексіз тез арада қалай түсіруге болатыны туралы бейнежазба ұсындым. Ол 2 млн-нан астам қаралым жинады.
Жұртшылық жерлесіміздің жұмысына лүпіл ғана қоймайды, пікір де қалдырады. Бүгінде әр видеоның астында жүздеген жағымды лебіз бар. Алдағы уақытта зейнеткер сүйікті ісімен мықтап айналысуды қолға алмақ. Оның мақсаты – оқырмандарының санын 1 млн-ға жеткізу.
Валентина Золотарева, қала тұрғыны:
– Түсіргем видеома қатысты көп жағымды пікір жазылып, көп қаралым жиналғанда көңіл-күйім көтеріліп, шығармашылық шабытым одан әрі оянады. Қазір әлеуметтік желінің арқасында жұртшылық арасында танымалмын десем де болады. Көшеде кейбір жандар танып, келіп амандасып жатады.
Валентина Золотарева әлеуметтік желіде ғана емес, өмірде де белсенді. Ол зейнетке шықса да жарты күн зауытта жұмыс істейді. Айта кету қажет, желі жұлдызы еңбек демалысына шыққанға дейін де дәл осы өндіріс ошағында 35 жылдан астам тер төгіпті. Кейіпкеріміз салауатты өмір салтын да ұстанады. Қария күніне 5 шақырым жаяу жүреді және аулалардағы тренажерларда шынығады екен.
Дана Ешкенова