Экология

Өңірдегі көлдерді ауаландыру жұмыстары жүргізілуде

Бердімұрат Баймұқан, тілші:

– Ағысы жоқ су айдындары қыста қалың мұзбен көмкеріліп қатып қалады. Мұндай судағы балықтар мен басқа да тіршілік иелерін құтқару шарасы жасалмаса, олар оттегі жетіспегендіктен қырылып қалуы мүмкін. Сондықтан, мұндай кезде айдын иелері қолдарына осындай бұрғы алып, мұзды теседі.

Ойықтардың саны көп болғаны жақсы. Мұзды тескен соң қызметкерлер оған қамыстан жасалған мынадай бумаларды орнатады. Сонда шұңқыр қыс бойы қатпайды, ал қамыс түтікшелер суға оттегін жіберіп тұрады. Бұл – ескі әдіс, бірақ сонда да тиімді дейді мамандар.

Ал мынау – аэрацияның басқа бір түрі. Мамандар алдымен мұзды бірнеше жерден теседі. Кейін бетіне мотопомпа деген құрылғыны орнатып, су сорғыза бастайды. Машина тіршілік көзін бүрку әдісімен оның құрамын ең қажетті зат – оттегімен байытады. Айта кетейік, бұл – Қызылжар ауданындағы Лебяжье көлі. Оның жалпы аумағы 480 гектарды құрайды. Көлді жалға алушылар мұнда балық өсірумен айналысады.

Николай Константинов, «Чепурной» ШҚ қорықшысы, Қызылжар ауданы:

– Мұнда тұқы, сақа, шортан, алабұға мен ақтабан балықтары өсіріледі. Көктемде оларды аулап жергілікті тұрғындарға сатамыз. Өздеріне де келіп балық аулауға мүмкіндік жасаймыз. Тіршілік иелерінің саны азайып кетпеуі керек. Сол үшін қыс кезінде суды ауаландырып, көктем мен күзде көл маңын қоқыстан тазартамыз.

Мұндағы мамандар аэрация жұмысын ақпан айынан бастаған. Суды оттегімен байыту үшін желдің күшімен айналатын мынадай қондырғы жасап алыпты. Оның көл астындағы қалақшалары тіршілік көзін жоғары қарай көтереді екен. Осылайша суда циркуляция болады. Шаруа қардың көбесі сөгілгенге дейін жалғаспақ.

Елдар Кәкімов, Есіл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының бөлім басшысы:

– Инспеция мамандары жыл сайын су айдындарында бақылау жұмыстарын жүргізеді. Біз жергілікті шаруа қожалық иелерінің жұмысын тексереміз. Сосын тиісті нұсқаулықтар береміз. Аэрация – өте маңызды шара. Оны жасамасақ балықтар оттегінің жетіспеуінен тұншығып қалады.

Қазіргі күні облыстағы 100-ден аса су айдынында аэрация жұмыстары жүргізіліп жатыр. Көлдердің жартысына жуығында шаруаны жергілікті атқарушы орган өкілдері жасауда.

Бердимурат Баймухан