Спорт

“Солтүстік-2022” қысқы спорт ойындарының ашылу салтанаты өтті

Ашылу салтанаты командаларды таныстырудан басталды. Қазір ортаға 13 аудан құрамасы кезек-кезегімен шығып жатыр. Сапты айыртаулықтар бастап келеді. Оларды жұртшылық зор қошеметпен қарсы алуда. Салауатты өмір салтын жанына серік еткен жандарды спартакиаданың ашылуымен облыс әкімінің атынан орынбасары Ғани Нығыметов құттықтап, сәттілік тіледі.

Ғани Нығыметов, СҚО әкімінің орынбасары:

Құмар Іргебайұлы Ақсақаловтың атынан және өзімнің атымнан қысқы спорт мерекесі «Солтүстік-2022» спартакиадасының ашылуымен құттықтаймын.
55 Осы ойындарға қатысып, сіздер өз дәрежелеріңізді көрсетіп, аудан намысын қорғайсыздар. Сол себепті, барлық спортшыларға тілейтінім мықты денсаулық, жақсы сайыстар, жеңіске жетіп, үлкен дәрежеге жетулеріңізге тілектеспін.

Бұдан кейін ортаға 26-шы «Солтүстік-2022» қысқы ойындарының алауы шығарылды. Оны жағу құрметі ардагер спортшы, республикалық президенттік көпсайыс ойындарының бірнеше дүркін жеңімпазы Василий Подмогильныйға берілді.

60-ты алқымдаған азамат дәстүрлі додаға сонау 80 жылдардан бері қатысып келеді. Биыл да жастармен бірге сап түзеп, шаңғы теуіп жарыспақ. Солтүстікқазақстандық Мағжан Жұмабаев ауданының намысын қорғайды.

Василий Подмогильный, жарысқа қатысушы, М.Жұмабаев ауданы:

Спартакиаданың беделі жылдан жылға артып келеді. Қатысушылар қатары да көбеюде. Бұл мені қатты қуантады. Спортшылардың барлығына сәттілік тілеймін.

Жалпы, жарысқа 130-дан астам спортшы қатысады. Саңлақтар М.Жұмабаев ауданында 4 спорт түрінен бақ пен бап таластырады.

Сергей Пермин, бас төрешінің орынбасары:

«Солтүстік-2022» жарысы қаңтар айында басталды. Әуелі конькимен жүгіру, керлинг, президенттік көпсайыстан мықтыны анықтадық. Енді сенбі, жексенбі күндері футзал, шорт-трек және шаңғыдан сайыс өтеді.

Ашылу салтанатының негізгі бөлігінен кейін концерттік бағдарлама ұсынылды. Бұған өнерпаздардың тыңғылықты дайындалғандары көрініп-ақ тұр.

Алдияр Айтпаев