Мәдениет

Петропавлда “Святой и грешный” қойылымының тұсауы кесілді

Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында “Святой и грешный” атты спектакльдің тұсауы кесілді. Пьесаны драматург Михаил Ворфоломеев жазған. Спектакльді Виктор Шалаев қойып бастаған екен. Өкінішке қарай, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісі, белгілі жерлесіміз 3-ші ақпан күні дүниеден озды. Марқұмның аяқталмай қалған еңбегін оның ізбасары Ярослав Чумак тәмамдап, туындыны ұстазының құрметіне арнады. Спектакльде араққа құныққан ер адам туралы баяндалады. Ойы тек баю. Дүние-мүлік жинаймын деп адамгершілік қасиеттерден жұрдай болады. Ярослав Чумактің айтуынша бұл құбылыс бүгінде жиі кездеседі. Қалтасын қампайтуды көздеген адам ақыры байыса да көп жағдайда адамгершілік қасиеттерден айрылады дейді.

Ярослав Чумак
, Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының режиссері

– Пьеса 80 жылдары жазылған. Алайда, бүгінге дейін өзінің өзектілігін жойған жоқ. Біз байлыққа кенеліп, рухани құндылықтарды жоғалтамыз. Міне, бұл қойылым арқылы осы мәселені көрсеткіміз келді. Идеямыз сәтті жүзеге асты деп ойлаймын. Виктор Шалаев көзі тірісінде маған көп ақыл-кеңес беріп, режиссер болып қалыптасуыма септесті.